Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚЫТ БАСПАЛДАҒЫ

БАҚЫТ БАСПАЛДАҒЫ

Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады» деген еді. Бүгінде ауылда да, қалада да жеткіншектердің дені балабақшаларға баратынын ескерсек, олардың шығармашылық дағдысы дәл осы жерден басталатыны рас.
Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелердегі білім беру ісін бұдан он жыл бұрынғы кезбен салыстыруға мүлде болмайды. Көркейген, жаңарған, жақсартылған ғимараттарда бүлдіршіндерге берілетін білімнің сапасы да артқан. Соңғы жылдарда балабақшада қолданыла бастаған үштілділіктің жемісін бүгінде мектептер көріп отыр. Жеткіншектерге тәрбиемен қатар берілетін қосымша сабақтар олардың ойлау көкжиегін кеңейтіп, таным деңгейлерін көтеруде.
Бала дегеніміз – болашақ. Өскелең ұрпақты қалай тәрбиелесек, келешегіміздің келбеті солай бекем болмақ. «Жас ұрпақ – келешектің қожасы» деп В.Белинский айтқандай ұл-қыздарымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеуде балабақшаның рөлі зор.
Мәселен, кенттегі «Ясмин» балабақша-яслиін жетістігі де мол, келешегі де зор сондай мекемелердің қатарына жатқызуға болады. Ашылғанына жеті жылдан асқан балабақшада бүлдіршіннің ой-өрісін дамытатын, оқу барысында қолданылатын құрал-жабдықтардың бәрі жаңа. Мұнда қазір 50 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ақпараттық технология дамыған заманда тәрбиешілер жаңартылған бағдарлама негізінде білімдерін жетілдіріп, әр баламен жеке-жеке жұмыс істеп келеді. Әсіресе, бүлдіршіндердің қызығушылығына жете мән беріп, олардың болашақта қандай іске икемі бар-жоғын анықтап, дамытады. Мәселен, Мария Мыңбаева, Мөлдір Ақбарова, Набат Қасымбаева, Мадина Дүйсебек секілді мамандар – білікті тәрбиешілер. Олар әр күн сайын таңғы астан соң балаларға ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптардан тәрбие сағатын өткізіп тұрады. Қазақтың ырым-тыйымдарын да күнделікті жиі қайталау арқылы жеткіншектердің санасына құюды мақсат етеді. Бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Қарлығаш Амангелдиева балалықтың бал мекені қашанда жайлы және аудан тұрғындарына қолайлы болғанын қалайды. «Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасатыны рас. Десек те, балабақшаның да рөлі зор. Қазақы салт-дәстүрден, ауыз әдебиетінен нәр алып өскен ұрпақ қай кезде де бабалар аманатына адал боларына сенемін» дейді Қ.Бағдатқызы.
Балабақшадағы оқу қызметтері бес сала бойынша іске асып, барлығы ойын түрінде балалар бойына білім нәрін сусындатады. Тілін дамытып, ортаға биімдеп қарым-қатынасқа икемдейді. Қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру арқылы оң мен солын, ұзын-қысқа, үлкен-кішісін ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу арқылы шығармашылығы дамып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға бейімдейді, қоршаған ортада табиғат құбылыстарымен жақынырақ танысады. Өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді, сонымен бірге шынығып, салауатты өмір салтын ұстап өсуі жолында да берілетін осы балабақша жұмысының еңбегі ұшан теңіз.«Ясмин» балабақша-яслиі 7 жылдан аса уақыт бойы бүлдіршіндерге сапалы білім мен тәрбие беріп келеді. Үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр баланың бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу ұжымның басты мақсаты. Балабақшада күнделікті оқу-іс әрекетінен бөлек, балапандардың шығармашылығын шыңдайтын ағылшын тілі, ән, би үйірмелері де қарастырылған.
«Ясмин» балабақшасының ұйытқысы, құрылтайшы, іскер басшы Күлайхан ­Орынбаева балалардың жан-жақты қорғалған, үйлесімді тұлға болып қалыптасуына жағдай жасауда. Соның арқасында тәуелсіз еліміздің бақытты балдырғандарына білім, тәрбие беруде балабақша ұжымы біршама жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Педагогтар да үнемі шығармашылық ізденіс жолынан жаңылған емес. Балалардың саялы мекеніне айналған ұйымшыл ұжымға ата-аналардың да алғысы зор.
Балабақша – баланың жүйелі түрде білім мен тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол мектепке дейінгі мекемеде қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, тәрбиешіге байланысты. Әр тәрбиеші өзіне жүктелген осы жауапкершілікті жүрегімен сезінгенде ғана Тұңғыш Президент айтқандай, балаға балабақшадан бастап берілген тәрбие болашақтың бастауы болары сөзсіз.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
17 қараша 2020 ж. 460 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930