Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАБАҚШАЛАРҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙМЕК

БАЛАБАҚШАЛАРҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙМЕК


Бүгінде аудан бойынша балабақшаларда 800-ге жуық адам жұмыс істейтін болса, солардың арасында арнайы білім алғандары жартысына да жетпейді. Яғни, 633 педогогтың мамандығы сәйкес келмейді. Жалпы, өңірде жоғары санатты 22 педагог, бірінші санатты 147 педагог еңбек етуде. Ал, 460-қа жуық тәрбиешінің мүлдем санаты жоқ.
Сондықтан, жағдайды бір қалыпқа келтіру үшін балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілеріне жаңа талаптар қойылатын болады. Яғни, бірінші кезекте мектепке дейінгі тәрбиеде арнайы білімі бар маманды көбірек тарту қажет. Одан бөлек алдағы уақытта барлығы санатын жоғарылату үшін аттестациядан өтеді. Сонымен бірге, әрқайсысының санатына сай жалақылары 30-дан 50 пайызға дейін өседі. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова ауданда өткен кеңейтілген мәжіліс барысында баяндады.
Бұған дейін облыстық білім басқармасы жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Прокуратура, тұтынушылардың құқығын қорғау, төтенше жағдайлар басқармасы, бақылау департаменті және басқа да мекемелердің өкілдерінен құралған топ балабақшалардың мазмұнын, педагог сапасын, қауіпсіздік мәселесін реттеу бойынша жұмыс жасайды.
Өткен аптада жұмыс тобының жоспарына сәйкес аудандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары басшыларының қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті. «Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялық жұмыстар» тақырыбындағы көрмеден бас­тау алған жиынды аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов жүргізіп отырды. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова, облыстық бақылау департаментінің сырттай бақылау бөлімінің басшысы А.Мырзағазиева, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің балалар және білім беру нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы А.Шуақбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Б.Дүйсенбаева қатысты.
Ғаламторды ашсаң бәзбір балабақша қызметкерлерінің балаларды ұрып-соққан орынсыз әрекеттерін көресің. Бұл жаға ұстатар жат қылықтардан жұрт мезі болды десек артық болмас. Жұмысшылардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою керек-ақ. Жұмыс тобының негізгі мақсаты да осы болып отыр. Сондықтан, келер жылдан бастап барлық балабақшаларға бақылау бейнекамераларын орнату міндеттеледі. Бұл өз кезегінде ата-ана баласының қауіпсіздігіне алаңдамауы үшін қажет. Бейнекамералар үшін мемлекеттік мекемелерге бюджеттен қаржы қаралса, жеке балабақша құрылтайшылары өз қаржысынан орналастыруы тиіс. Жиында қаралған тағы бір маңызды мәселе балаларды орынсыз тіркеу жайлы болды. Яғни, бір баланың құжатын бірнеше балабақша тіркеп қойған. Басқарма басшысы біршама уақыттан бері түзелмей келе жатқан мұндай олқылықты тез арада жою керектігін баса айтты.
Бұдан бөлек басқосуда мүмкіндігінше балабақша аяжанына бөлек кабинет қажеттігі, арнайы базаға құжаттарды дұрыс, сауатты толтыру, тағам сақтайтын қоймалардың талапқа сай болуы секілді бірқатар мәселелер қаралды. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту туралы айтылғаны мәлім.
Ендеше, балалық шақтың бақытты мекеніне айналар балабақшадағы олқылықтарды түзету қолға алынды.


Гүлхан ЯХИЯЕВА.
11 желтоқсан 2018 ж. 1 580 0