Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЗ АШЫЛДЫҚ

БІЗ АШЫЛДЫҚ

Біз ашылдық... Ия бұл қазір айналамызда көп кездесетін үлкенді-кішілі
бильбордта кездесетін жарнама үлгілерінің бірі. ХХІ ғасыр технология ғасыры деп жатамыз әдетте. Дегенмен, біздің ғасырымыз жарнама ғасырына да айналып барады ма деген ой келеді кейде. Өзім айтқан «біз ашылдық» сол қаптаған жарнамалардың бір үлгісі. Мұны көпшілігіміз енді ғана ашылып жатқан сауда орталықтарының, сән салондарының, дүкен немесе халыққа түрлі қызмет үлгілерін көрсететін нысандардың маңдайшаларынан көруші едік. Бүгінде бұл жарнаманы жарыса ашылып жатқан балабақшалардың кіреберіс есігінің маңдайшаларынан көп кездестіреміз.
Сонау 90-жылдарда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, экономикалық жағдайымыздың мәз болмағаны айқын. Сол кездері жабылған мемлекеттік балабақшалардың санынан бүгінде ашылып жатқан балабақшалар саны екі есе көп десек, артық айтпайтын шығармыз. Бұл сандық көрсеткіштің көптігі жекеменшік балабақшалармен еселенуде. Елбасы саясатының қарқынды дамуына үлес қосып жатқанымыз, әрине, қуанарлық жағдай. Десек те, сол балабақшалардың материалдық, базалық жағдайы, ондағы балаларға білім беру мәселесі, санитариялық-эпидемиялогиялық талаптардың орындалуы, балалардың қауіпсіздігі, бала құқығының қорғалуы қаншалықты өз деңгейінде? Сандық көрсеткіштің еселеп артқанынан мектепке дейінгі бала тәрбиесінде жеткен жетістіктеріміз қанша? Мәселе, міне, осы жайында...
«Балапанның» бастауымен жекеменшік балабақша ашқан кәсіпкер­лер қатары біздің ауданымызда да көбейіп барады. Кейде балабақша ашу ісі есебін тауып еселеп қаржы табудың көзіне айналып бара жатыр ма деп қаласыз. Расында, «Балапан» алғаш бастау алған жылдары балабақша ашқан кәсіпкерлеріміз өздерінің бас­паналарын бақшаға айналдырып, бар-жоғы бір-екі бөлмеде баланы ойнатып, би билетіп, ән салдырып, әрі сол бөлмеде тамақтандырып, екінші бөлмесін жатын бөлмесі етіп жатты. Әлі де болса, біздің ауданымызда осы үлгідегі балабақшалар кездеседі. Осындай типтегі балабақшаларды ашуға рұқсат беру арқылы біз бала құқығына нұқсан келтіріп отырғанымыз жоқ па? Кәсіпкерлікпен айналысу жайы өз алдына бөлек әңгіме, ал бұл жерде таразы басында ақша емес, бала тәрбиесі, бала өмірі тұрған жоқ па? Осыған көбірек мән беру керек сияқты. Көпшілік ата-аналар балаларын жекеменшік бақшаға беруге тырысады. Неге деп сұрасақ, бірі қызмет көрсету жайы, яғни балаларды өздері алып келіп, өздері әкетеді немесе екі балаңызды тіркетсеңіз (екінші балаңыз бақшаға баратын жасқа жетпесе де) ақысы тегін, немесе екінші балаңызға ақы төлемейсіз десе, енді бірі мемлекеттік балабақшадағы сияқты кезекке қойып, құжат дайындап әуре болмайсың, бәрін өздері бітіріп береді деп жауап қатты. Ал, бұл жайттарға не дейсіз, сонда баланы жай тіркеп қойып, бала санын ғана көбейтіп мемлекеттің есебінен пайда табуды көздеу ме бұл іс?
Тағы бір мәселе, осы жекеменшік балабақшалардағы мамандар жөнінде. Бірде көпшілік ортада осындай бақшалардың бірінде жұмыс жасайтын кісілердің сөзіне куә болдым. Бірі жеке балабақшаның әдіскері, екіншісі психологі. Екеуі де аудандағы мектепте мұғалім болып жұмыс жасайды екен. Қосымша балабақшада қызмет атқарады. Менің осы жерде айтқым келгені сонда жекеменшік балабақшалардағы кейбір әдіскерлер мен психологтар 0,5 жүктемемен қызмет атқарып тек бір мезгілде ғана жұмыспен айналысса, ондағы балаларға білім беру ісі қандай деңгейде екен? Балабақша әдіскерінің лауазымдық міндеттері бар емес пе? Егер әдіскер таңертең мектептегі жұмысын істеп, тек түстен кейін ғана балабақша ісімен айналысатын болса (немесе керісінше), онда ол балабақшадағы таңертеңнен түске дейінгі әдістемелік жұмыстар қайда қалады? Балабақша да білім беру ошағының бірі емес пе, балаға білімнің алғашқы баспалдағы берілетін мемлекеттік мекеме. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», – демей ме қазақ. Жас баланың өз отанынан кейінгі тәлім-тәрбие алатын ұясы – осы балабақша. Сондықтан, осы жекеменшік балабақшалардағы балаларға мектепке дейінгі тәрбие мен білімнің берілу ісіне немқұрайлылық танытпауымыз керек. Себебі, бала – біздің болашағымыз, бала тәрбиесі – кезек күттірмейтін мәселе. Балабақша ашып пайдаға кенелу – байлық емес, тәрбиелі білімді ұрпақ тәрбиелегеніміз – ең үлкен байлық. Өйткені, бүгінгі бала – ертеңгі мемлекетіміздің тұтқасы, тірегі екенін естен шығармайық.

Айнұр
НАЗАРОВА.
20 мамыр 2018 ж. 1 646 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930