Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиеліде кинотеатр құрылысы бой көтерді. Рас па?

Шиеліде кинотеатр құрылысы бой көтерді. Рас па?

Бүгінде киноға бару отбасылық демалыстың дағдылы түріне айналды десек қателеспейміз. Себебі ол ересектерге де, балаларға  да қызықты. Мәселен, балаңызды мультфильм көруге апардыңыз делік. Оны тек апарып ғана қоймайсыз, кинодан шыққан соң баланың ойын сұрап, талқылайсыз. Жарайды, киноға баруды түсіндік. Ал Шиеліде кинотеатр құрылысы бой көтергені рас па? Осы сауалға жауап іздеген едік. Ендеше мақалаға мұқият назар аударыңыз.
Ауданда ашылғалы жатқан «Aizhuldyz cinema» кинотеатры 2023 жылдың тамыз айында құрылысын бастап кетті. Құрылыс нысанын жалға алған кәсіпкер Бағлан Сейтмұратов жастардың кино көруіне демалыс орын ашып беруді басты мақсат еткен.

Кәсіпкердің айтуынша, кәсіпті өз қаражатымен бастаған. Мемлекеттік грант пен несиелерге өтініш берсе де, оның өтініші кері қайтарылып, қаржылай ақша алмағандықтан өзі тәуекел етіп бастап кетті. Құрылыс жаңа жыл алдында тоқтап, жылдың басы қайта қолға алуды жөн санады.
Расында  аудан жастарының көбісі дерлік Қызылордаға барып кино көреді. Неге өзіміздің ауданда ашылмасқа деген ой келеді? Бұл пайымыма ауданның жас ақыны Елдар Әмірхан былай жауап берді:
 Ауданға ауадай кинотеатр қажет. Киноға тек жастар ғана емес, егде жастағы ересек кісілер, отбасылар барғанын  көреміз. Сол себепті облыс орталығына сабылмай, өз өңірімізде кинотеатрдың ашылғаны дұрыс. Біріншіден,  халықтың қалтасынан шығатын  қаржыны жеңілдетеді. Екіншіден, ауданның дамуына үлес қосар еді. Заман талабына сай болса аудан жұртшылығы қалаға барып әуреленбейтін еді, – деді.Айта кетейік, кинотеатр 128 адамға арналған. 10-15 адамды жұмысқа қабылдайды. Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме? Олай болса, жаңа бастаманы қолға алған кәсіпкерді барынша қолдап, сәттілік тілейміз.

Айнұр ИБРАШЕВА 
 
02 ақпан 2024 ж. 208 0