Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Клубта кино көрсетсе, барушы едік бәріміз...

Клубта кино көрсетсе, барушы едік бәріміз...

Дамыған елдерде кино саласы мемлекеттік идеологияның жаршысы әрі пайда алып келетін бизнес көзі болып табылады. Ал кино өнері пайда болған кезден бастап кинотеатр – оны таратушы басты құрал болып келеді.
Киноны кең экранда кинотеатрда отырып көру мәдениеттіліктің белгісі. Қанша технология дамып, 3D, 4D теледидарлар пайда болғанымен, кино залдар үйдегі бейне құралдарына орнын бермей келеді. Ал интернет ресурстарына сүйеніп, онлайн түрінде ақылы фильмдер көруге мүмкіндіктің тууы таяу болашақта кино өнімдерін таратудың басты әрі жаңа нысанына айналуы бек мүмкін. Сол себепті өнеркәсіптік революция дәуірінде технологияның әрбір мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуіміз керек.
Жалпы дамыған елдер осы кино өнері арқылы миллиондап пайда түсіріп отырғаны мәлім. Әлемдегі мұндай жүйенің алып мекені – Голливуд болып саналады. Ал әлемдегі ең ірі онлайн кино қорын жасаушы «Netflix»-тің табысы 2010 жылы 2,1 миллиард доллар болса, қазір 3-4 есеге артып кеткен. Қысқасы, әлемнің кино рыногі барған сайын ұлғайып, шекарасыз алып кеңістікке жайылып барады. Бизнес, мәдени құндылық әрі өнер ретінде кино-индустриясының жан-жақты мүмкіндіктерін әлем елдері барынша тиімді пайдаланып жатыр. Біз үшін де бұл бүгінгі күнгі кезек күттірмейтін өзекті проблема. Сондықтан тек қалалық жерлерде емес, бүкіл қазақстандықтардың кино мәдениетін қалыптастыруымыз керек-ақ.
Кеңес кезеңінде әр ауылдағы клубтарда апта сайын көрсетілетін киноларды ел асыға күтетін. Жексенбіде мәдениет үйіне қарай ағылған жұрт кинодан алған әсерін айтып тауыса алмайтын. Ал Қазақстан егемендік алғаннан кейін бұл үрдіс кілт тоқтап, киноиндустрия ұзақ уақыт бойы өз орнын таба алмай келді.
Қазір қазақ етек-жеңін жинап, өз қолы өз аузына жететін күнге де жетті. Қазақстанда түсірілген немесе Қазақстандық режисерлар түсірген фильмдер сапасы жағынан өте жоғары бағаланып, өз көрерменін табуда. Отандық актерлер көрермендердің сүйікті жұлдыздарына айналып келеді.
Әрине, кеңестің кезеңдегідей әр елді мекеннен бір кинозал ұстау оңай емес. Десе де аудан орталығында 100 мыңға жуық халыққа ортақ бір кинотеатр болса несі айып? Көкшоқыдағы Арман мәдениет үйінде бірлі-жарым кинолар ұсынылып жатады. Бірақ жұрт көпшіліктің талғамынан шығатын туындылардың тұрақты түрде көрсетілуін қалайды.
Иә, ғайыптан тайып ауданда кино зал ашыла қалса, халықтың мәдениеті артып қана қоймай, демалып, тынығатын ошағына айналар еді. Бұл туралы осыдан біршама уақыт бұрын Алғабас ауылдық мәдениет үйінің директоры, айтыскер ақын Кенжебай Жүсіптен сұрағанымызда:
– Сіздер айтқан ұсыныс бойынша видео проектрмен тағылымы мол, тарихи фильмдерді көрсетуді қолға алғанбыз. Бұл жайында пікірлерімді де ортаға салып келемін. Алайда, белгілі бір бағытта не болмаса заңдылықтарға сүйенбей кез-келген киноны халыққа көрсете алмаймыз. Сондықтан арнайы талаптар бекітілсе, сол бағытта жұмыстар атқарар едік. Бұл ауыл тұрғындарының мәдениетімен қатар, демалып, тынығатын орнына да айналатын болады. Әрі мәдениет саласының да жұмысы алға ілгерілеп, кіріс көзіне айналатыны белгілі. Осы орайда мәдениет үйіндегі видео құрылғылардың шама-шарқына қарай 1.30-2 сағаттан аспайтын, тарихы терең қазақ киноларын көрсетуді талапқа енгізсе деген өзіндік пікірімді де білдіргім келіп отыр. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының жас шамасына қарай түрлі киноларды да жік-жігімен бөліп, қарастырсақ. Көбіне ауыл тұрғындарының аға буын өкілдері баяғы үнді киноларын көрсетуді сұрап жиі келеді. Сол себепті ауылдық жерлердегі кинотеатр мәселесі өте керек дүние. Көрермендері де табылатынына сенімім кәміл. Сондықтан, осы ұсынысқа жан бітірсе, алда атқарылар жұмыстың да ауқымы кеңи түспек, – деп өз пікірін білдірген болатын.

Түйін: Сонау 70-90 жылдар аралығында аудандағы барлық клубтарда кино көрсетілетін. Оған ауыл тұрғындары ағылып барушы еді. Бүгінгі таңда осы үрдісті қайта жандандыруды қолға алса, мәдениет үйлерінің жұмысы жолға қойылып, әжептеуір табыс көзі де болар еді. Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

Гүлхан ЯХИЯ
18 тамыз 2022 ж. 591 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031