Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Клубта кино көрсетсе, барушы едік бәріміз...

Клубта кино көрсетсе, барушы едік бәріміз...



Дамыған елдерде кино саласы мемлекеттік идеологияның жаршысы әрі пайда әкелетін бизнес көзі болып табылады. Ал, кино өнері пайда болған кезден бас­тап кинотеатр – оны таратушы басты құрал болып келеді. Бүгінгі күні киноны кең экранда кинотеатрда отырып көру мәдениеттіліктің белгісі ретінде қалыптасып, телевизия мен үйдегі бейне құралдарына орнын бермей келеді. Ал, интернет ресурстарына сүйеніп, онлайн түрінде ақылы фильмдер көруге мүмкіндіктің тууы таяу болашақта кино өнімдерін таратудың басты әрі жаңа нысанына айналуы бек мүмкін. Сол себепті өнеркәсіптік революция дәуірінде технолгияның әрбір мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуіміз керек. Осы орайда Шиелі ауданына қарасты ауылдық округтердегі мәдениет үйлері мен клубтарда видеопроекторды пайдалана отырып, ауыл тұрғындарына кинотеатр ұйымдастыруды ұсынғалы отырмыз.
Жалпы, дамыған елдер осы кино өнері арқылы миллиондап пайда түсіріп отырғаны мәлім. Әлемдегі мұндай жүйенің алып мекені – Голливуд болып саналады. Ал, әлемдегі ең ірі онлайн кино қорын жасаушы «Netflix»-тің табысы 2010 жылы 2,1 миллиард доллар болса, қазір 3-4 есеге артып кеткен. Қысқасы, әлемнің кино рыногі барған сайын ұлғайып, шекарасыз алып кеңістікке жайылып барады. Бизнес, мәдени құндылық әрі өнер ретінде кино-индустриясының жан-жақты мүмкіндіктерін әлем елдері барынша тиімді пайдаланып жатыр. Біз үшін де бұл бүгінгі күнгі кезек күт­тірмейтін өзекті проблема. Сондықтан, тек ауылдық жерлерде емес, бүкіл қазақстандықтардың кино мәдениетін қалыптастыруымыз керек-ақ. Қазіргі жағдайды бажайлар болсақ, аудан әкімі Ә.Оразбекұлы кезекті есеп беру барысындамәдениет саласына бөлінген қаржының қайтарымы болмағанына қынжылыс білдірген еді. Ал, бүгінгі ұсынысымыз осы мәселенің бір шешімі іспеттес болмақ.
Алғабас ауылдық мәдениет үйінің директоры, айтыскер ақын Жүсіп Кенжебай:
         Ауылдық жерлерде кинотеатр мәдениетін қалыптастыру құптарлық мәселе. Бұл алдымен Елбасы айтқан технологияның құдіретіне тіреледі. Бүгінгі таңда, біршама ауылдық округтерге жаңа мәдениет үйі мен клубтар салынды. Кейбірі күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, жаңа жабдықтар мен аспаптар да алынды. Ендігі кезек тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденісті талап етеді. Сіздер айтқан ұсыныс бойынша видео проектрмен тағылымы мол, тарихи фильмдерді көрсетуді қолға алғанбыз. Бұл жайында пікірлерімді де ортаға салып келемін. Алайда, белгілі бір бағытта не болмаса заңдылықтарға сүйенбей кез-келген киноны халыққа көрсете алмаймыз. Сондықтан, жауапты адамдар немесе арнайы талаптар бекітілсе, сол бағытта жұмыстар атқарар едік. Бұл ауыл тұрғындарының мәдениеті мен қатар, демалып, тынығатын орнына да айналатын болады. Әрі мәдениет саласының да жұмысы алға ілгерілеп, кіріс көзіне айналатыны белгілі. Осы орайда мәдениет үйіндегі видео құрылғылардың шама-шарқына қарай 1.30-2 сағаттан аспайтын, тарихы терең қазақ киноларын көрсетуді талапқа енгізсе деген өзіндік пікірімді де білдіргім келіп отыр. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының жас шамасына қарай түрлі киноларды да жік-жігімен бөліп, қарастырсақ. Көбіне ауыл тұрғындарының аға буын өкілдері баяғы үнді киноларын көрсетуді сұрап жиі келеді. Сол себепті ауылдық жерлердегі кинотеатр мәселесі өте керек дүние. Көрермендері де табылатынына сенімім кәміл. Сондықтан, осы ұсынысқа жан бітірсе, алда атқарылар жұмыстың да ауқымы кеңи түспек.
Ақмая ауылдық клубының меңгерушісі Алмат Қалекеев:
Кино бір жағынан көңіл көтерсе, екінші жағынан бизнес ретінде пайда таба отырып, таза өнер туындысы ретінде де дамып жатқан жанды организмге айналған. Сондықтан, ауылдық мәдениет үйлерінен кинотеатр ұйымдастыру жайы өте орынды мәселе болмақ. Болашақ цифрлы жүйеге еніп, технологиялық дәуірге қадам басқан ұлт ретінде кино мәдениетін қалыптастыру дамыған елдермен бәсекеге қабілеттілігімізді арттырады. Мәселен, дамыған елдерде кинотеатр нағыз табыстың көзі деуге болады. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, біз де кинотеатр мәдениетін қалыптастыруға, ауыл тұрғындарының жұмыстан соң демалуына, жастардың көше кезіп жүрмей патриоттық, тарихи кино көруіне сеп болар едік. Әрине, барлық клуб видеопроектормен толық жабдықталмаған. Дегенмен, бұл бастама қолдау тауып жатса, жұмыстар бастауға болады.
Түйін: Сонау 70-90 жылдар аралығында аудандағы барлық клубтарда кино көрсетілетілетін. Оған ауыл тұрғындары ағылып барушы еді. Бүгінгі таңда осы үрдісті қайта жандандыруды қолға алса, мәдениет үйлерінің жұмысы жолға қойылып, қаржы мәселесі де шешілетін болады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
        
11 ақпан 2018 ж. 1 172 0