«КИНЕМАТОГРАФИЯ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚАБЫЛДАНҒАНЫ АБЗАЛ
Отандық киногерлер мен қоғам қайраткерлері «Кинематография туралы» заң керек» дейтін мәселені бастағалы қашан?! Бүгінде кинематографиядағы барлық үдерістер «Мәдениет туралы» заңның бірнеше бабы, бірқатар тармағымен ғана реттеледі. Бұл отандық киноөндірісті реттеуге, яки жетілдіруге толыққанды мүмкіндік бермейтіні анық. Бұдан өзге, шетелдік компаниялармен серіктестік орнатуда, я болмаса қарапайым жергілікті адами және техникалық ресурстарды пайдалануды қамтамасыз ететін заңнамалық тәртіп болуы тиіс. Дамыған мемлекеттердің барлығында дерлік бұл сала бір қалыпқа құйылып, ортақ жүйеде реттеледі. Осы тұста неше уақыттан бері заң қажеттігін алға тартып келген кино жанашырларының ұсынысы аса орынды.
Осыдан екі жыл бұрын ақпан айында Премьер-министрдің сол кездегі орынбасары Дариға Назарбаева осындай заңнама қабылдануы тиістігі жөнінде бастама көтеріп, киногерлерді бір қуантты. Содан бері Мәдениет және спорт министрлігі бастаған бір қауым шығармашылық және зиялы топ өкілдері, кино және кинематография жайын талқыламаққа бекініп, талай бас қосты. Түрлі форматта өткен шараларда мұндай заңның қажеттігі мен қамтылуы тиіс мәселелері күн тәртібіне шықты. Өткен жылдың басында Арыстанбек Мұхамедиұлы тауық жылы тамамдалғанша, «заң қабылданып қояды» деген уәдесін де берді. Мемлекет басшысы бұл жайтқа қатысты «Ұлттық сананы рухани жаңғырту жолында мәдениет саласының алатын орны елеулі екенін ескерсек, дәл осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру аса маңызды. Алдағы уақытта отандық киноөндірісті дамытуға тұжырымдамалық негіз болатын «Кинематография туралы» заң қабылданатын болады» деп атап өтті. Бірақ өткен жылдың соңында, яғни 26 желтоқсан күні мәжілісте тек «Кинематография туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы өткені мәлім. Оған Мәжіліс депутаттары, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті, жұмыс тобының мүшелері, Мәдениет және спорт министрлігі, мемлекеттік органдар және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. «Кинематография туралы» заң жобасы жайында, ондағы қамтылған негізгі мәселелер хақында сұрап-білмек болып, жаңағы мәжілісте өткен жиынға шақырту алған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанованы сөзге тартқан едік.
– Жақында Мәжілісте «Кинематография туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы өтті. Бұл жиынға қуана қатыстым. Өйткені қарқынды даму мен рухани жаңғыруды көздейтін кез келген саланың құқығын қорғайтын заң болуы керек. Шетелдік кинокомпаниялармен серіктестік орнату үшін де ресми құжат қажет екені анық. Мәселен, елімізде шетел мемлекеттердің кинокомпанияларымен бірлесіп, фильм түсіру тәжірибесі қалыптасып келеді. Бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылып та үлгерді. Алайда АҚШ, Ұлыбритания, Германия сынды алпауыт мемлекеттер мұндай әріптестік қарым-қатынас орнатпас бұрын, алдымен өздерінің құқығын қорғайтын құжат талап етеді. Ал мұндай құжат – мемлекеттік ресми заң болатыны айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы 2014 жылдың 4 қарашасында қол қойған еліміздің мәдени саясатының тұжырымдамасында да кино индустриясын қазіргі заманғы мәдени кеңістіктің аса маңызды кластері ретінде дамыту қажет екені баса көрсетілген. Біздің тарихымыз бен мәдениетімізді өзекті етудің және әлемдік кеңістікке ықпалдастырудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – кино өнері мен кино индустриясын дамыту, әлемнің жетекші кинокомпаниялары мен телеарналарының ынтымақтастыққа тарту саласында жатыр.
– Арнайы заң кино өндірісін толыққанды реттей ала ма? Жалпы, заң жобасында қандай нормалар мен талаптар қамтылды?
– Ұлттық киноны қолдау қорын және Сараптама кеңесін құру, Қазақфильм киностудиясынан Мемлекеттік фильмдер қорын жеке құрылым ретінде шығару, киноөндірістің және кинотоптамалардың шығыс материалдарын цифрлау, фильмдер прокатының нәтижелерін есептеудің Бірыңғай автоматтандыру жүйесін құру, ұлттық фильмдерді халықаралық деңгейде жылжытуға және олардың прокатын қолдауға, сондай-ақ кинотүзілімнің көпдеңгейлі жүйесін дамытуға және ұлттық кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдау мәселелері қамтылған. Сонымен қатар заң жобасында салық жеңілдіктерін енгізу, Қазақфильм аумағында Еркін экономикалық аймақ құру және оның қатысушылары үшін тіркеу талаптарын қысқарту, теледидар жүйесінде ұлттық кино жарнамасына міндетті түрде уақыт бөлу және оның прокат тілі бойынша нормалары белгіленген. Барлығы 7 нормативтік-құқықтық акті – Кәсіпкерлік және Салық кодексі, Арнайы экономикалық аймақтар туралы, БАҚ туралы, Жарнама туралы, Тілдер туралы, Мәдениет туралы заңдарға толықтырулар енгізу жоспарланып отыр.
– Сіздіңше тағы қандай мәселелер ескерілуі тиіс?
– Елімізде киногерлерді даярлайтын үш білім ордасы бар. Олар – Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті, Алматыдағы «Тұран» университеті және жас киногерлердің қара шаңырағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. Алғаш 1978 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясы актерлік факультетінің негізінде Алматы театр және көркемсурет институты болып ашылған киелі білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің бірталайы, бүгінде мәдениет майталмандары мен өнер қайраткерлеріне айналып үлгерді. Академияның «қара шаңырақ» аталуының бір себебі – осы. Сол киелі мекен әлі күнге дейін ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп, жас киногерлердің өз мамандығын мықтап меңгеруіне жағдай жасап келеді. Осы білім ордасының жетекшісі ретінде жас киногерлердің бүгіні мен болашағына алаңдаймын. Академия қабырғасында студенттерге заманауи озық технологиямен жұмыс істеуіне жағдай туғызып, ірі-ірі кинофильмдердің түсірілім алаңында тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасаймыз. Бұдан өзге, АҚШ, Корея және Батыс елдерімен байланыс орнатып, ізденімпаздарымыз «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуда. Халықаралық байқауларға жобаларын жіберіп, жүлделі орын алып қуантып жатады. Қара шаңырақтағы қарадомалақтардан күтетін үмітіміз зор. Олардың оқу бітіргеннен кейінгі қызметін, кәсіби жобасын қолдайтын және кино маманы ретінде құқығын қорғайтын заң қабылданғаны – аса маңызды. Ұлттық кинематография қазіргі заманның үздік үлгілерін, еліміздің бірегей тарихи-мәдени мұрасын, тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғаларды танымал етуге бағдарлануы тиіс екендігін білеміз. Отансүйгіштік пен төзімділікті қалыптастыру мәселелеріне баса назар аудару қажет. Отандық кинокомпаниялар қоржынында әлемдік кеңістікте отандық тарихты, мәдениет пен өнерді танытатын жарқын көркем бейнелер жасайтын деректі және көркем фильмдердің ауқымды жобалары болуы да аса маңызды. Елімізде және өзге мемлекеттерге таралатын контентте ғылыми жетістіктер мен жаңалықтарымыз, археологияның, тарихтың және мәдениеттің бірегей ескерткіштері туралы мәліметтердің болғаны қандай жақсы?! Міне, осы аталған мәселелердің барлығы жаңа заң аясында реттелгенін қалаймыз. Бұл заң жобасы қабылданғаннан кейін де сала мамандары мен сарапшылар тарапынан талай ұсыныс-тілектер болатыны анық. Кез келген заңнама замана талабын ескеріп, түзетіліп әрі толығып отыратыны тәжірибеден белгілі. Қазіргі уақытта «Кинематография туралы» заңның қаңқасын болса да қабылдауға тиіспіз. Өйткені бұл заңнамаға фильм түсірушілерден бастап, прокатшылар мен өнімді өткізумен тікелей айналысатындар мүдделі. Заманауи кинонарығын әбден зерттеп білген сала мамандары, ресми заңның жылдамырақ қабылдағанын қалайды. Қалған шаруа – уақыт еншісінде деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айдана НҰРМҰХАН