Қазақстандық 5 қысқаметражды фильм Бішкектегі кинофестивальге қатысып жатыр
Бішкекте «Қырғызстан – қысқаметражды фильмдер мекені» атты VII халықаралық кинофестиваль басталды. Дәстүр бойынша байқауға ТМД, Грузия, Балтық елінің режиссерлері қатыса алады. Фестиваль аясында бірнеше қазақстандық қысқаметражды кинотуындының арнайы көрсетілімін өткізу жоспарланған. Байқауға ТМД, Грузия немесе Балтық елдері режиссерлерінің бір ғана туындысы қатыса алады. Ал қазақстандық продюсер Қанат Төребай осы шараға «Қазақфильмде» түсірілген бірден 5 қысқаметражды фильмді әкелген. Бұл кинокартиналарды киноиндустрия саласына енді ғана қадам басқан дебютанттар түсірген. Тәжірибелі әріптестерінің сынын тыңдау үшін Бішкектегі осы көрсетілім оларға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Қанат Төребай, кинопродюсер: – Қысқамертажды фильмдердің басты мақсаты – адамдарға аз уақыттың ішінде көптеген ақпарат алуға үйрету. Бұл – режиссер сынды шығармашылық адам үшін әлемге өз ойын анық жеткізе алатын өте жақсы әдістердің бірі. Фестивальге қатысушылар арасында бәсекелестік жоғары. Биыл шетелдік және отандық кинематографистер тарапынан байқау бағдарламасына қатысу үшін екі жүзден аса өтініш келіп түскен. Сонымен қатар іс-шараның иелері әділқазылар алқасының талқысына 15 жұмыс ұсынды. Іріктеу ойын, деректі, анимациялық және эксперименттік кино секілді жанрларда жүргізілді. Құрамына Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Грузия мен Армения елдерінің режиссерлері кірген қазылар алқасы кинокартиналарды «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Қазылардың арнайы жүлдесі», «Көрермен көзайымы» атты төрт атау бойынша таңдайды. Фархат Бекманбетов, кинофестиваль директоры: – Ресейлік кинотанушы және кино тарихшысы Сергей Землянухинның төрағалығымен, фестивальге ұсынылған туындыларды кинорежиссер және сценарист Эрнест Абдыжапаров, кинопродюсер Анар Қашағанова, кинорежиссер және сценарист Нана Джанелидзе, кинооператор Арто Хачатурян бағалайтын болады. Алдағы 4 күн ішінде байқау жұмыстарын кез келген көрермен қазылар алқасы мүшелерімен бірге тегін көріп, барынша таныса алады. Фестиваль бағдарламасы екі бөлімге бөлінген. Тек қырғыз режиссерлерінің кинокартиналары ұлттық бөлімде бақ сынасып, халықаралық кезеңге өтеді. Ал шетелдік туындылар бірден сол бөлімде өзара үздіктерді анықтайтын болады. Айта кетейік, «Қырғызстан – қысқаметражды кино мекені» халықаралық фестивалі Шыңғыс Айтматовтың туған күніне орай ұйымдастырылған. Жетінші рет өтіп жатқан дәстүрлі байқауда жеңіске жетудің жемісі де салмақты болғалы тұр.
24.kz