Коронавирустан киноиндустрия саласы тұралап қалған жоқ па?
Коронавирус індеті – 1918 жылы жаһанды жалмаған әрі өлім-жітімнің көптігімен тарихта қалған «испан тұмауына» ұқсас. Қазіргі әлемдік індет те бұрынғыдай қазақ киноиндустриясына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Сөзімізге дәлел болсын. Мәселен, «испан тұмауы» пандемиясы кезеңі мен одан кейінгі жылдар (1918-1926 жж) Голливудтың дамуына айтарлықтай әсер етті. Себебі, сол аралықта «америкалық кино өндірісінің барлық жүйелері іске қосылып», болашағы анықталды. Бұл – фильмдердің өндірісі мен олардың дистрибуциясына қатысты болатын. «Испан тұмауының» кесірінен америкалық кинотеатрлардың 90%-ы жабылды. Лос-Анджелесте кинотеатрлардың жұмыс істеуіне тыйым тым ерте салынды. Ал киностудиялар бар-жоғы 1,5 айға, яғни 1918 жылдың қазан айының ортасынан қарашаның соңына дейін өз жұмысын тоқтатты. Мұның барлығы АҚШ-тың қалыптасқан киноиндустриясының жойылуына алып келді. 1918 жылғы пандемияға дейін бұл мемлекетте кино өндірушілер және прокат жүйесі екі бөлек сала болған.
Бүгінгі жағдайды сөз ететін болсақ, жаһан жұртын әбігерге салған «Covid-19» күллі әлемнің шекараларын жауып, қозғалысты барынша шектеді. Барлығы да өз үйлерінде, тамақтарын әзірлеп, көгілдір экранның алдында отыр. Кино өндірісі бұрынғы қалпында жұмыс істеп жатыр деген жалған түсінік пайда болды. Алайда, бүгінгі еліміздегі жағдай бәрімізге де аян. Кинотеатрлар жабылды. Фильмдер түсірілімі тоқтатылды.
Кино өндірісі әдетте кинотеатрлардағы прокат үшін жұмыс істейді. Қазір тіпті дайын фильмдер де прокатқа шыға алмай отыр. Онлайн платформалар – бұл мәселенің шешімі емес. Өйткені, ол екінші нарықтағы табысқа жатады. Үлкен экрандар үшін дайындалған сапалы киноны стримминг жүйесі арқылы көрсету дұрыс құбылыс емес. Ғаламтордағы көрсетілімдер бүгінгі үлкен сұранысқа қарамастан кинопрокат жүйесі секілді табыс алып келмейді. Қазіргі күні фильмдер тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде, тіпті Голливудта да түсірілмейтіні белгілі. Ресми статистиканы сөйлетер болсақ, Лос-Анджелестің өзінде 120 мың киногер жұмыссыз қалған. Соңғы айда 80 процент кинотеатрлардың есіктері жабылды.
Тағы да бір тоқтала кететін жайт, түсірілім кезеңінде ауа-райының қолайлы әрі жайлы болуы маңыздырақ. Бірақ бұл әсіресе Голливуд үшін ауыз толтырып айтарлықтай қиындық әкелмейді. Алайда, біздің елде түсірілім жұмыстары тек жаз немесе күз айларының басында, яғни күннің ұзақтығына байланысты түсіріледі. Демек шілде айының басынан кешікпей түсіру жұмыстары басталу қажет. Ал ол үшін сәуір айынан бастап дайындықты ұйымдастыру қажет.
Сәйкесінше, елімізде төтенше жағдайға байланысты кино саласының мамандары бұл кесте бойынша жұмыс істей алмады. Сондықтан да еліміздің кино өндірісі пандемиядан қаншалықты зардап шеккенін бүгінгі күні болжап айту қиын. Карантин аяқталғаннан кейін де фильмдер түсірілуі екіталай. Кино өндірісі тез арада бұрынғы қалпына келе алмауы да мүмкін. Себебі, бұл жағдайдың қаншаға созылатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бүгінде қандай да бір болжам жасау мүмкін болмай отыр. Бізде өндіріс те, кинопрокат та тоқтап тұр. Кинотеатрлар жабық, барлық қызметкерлер таратылды. Қазір олар шығынға ұшырап жатыр және біз мұның бәрі аяқталған кезде қандай әлемге тап болатынымызды да білмейміз.
Болжам бойынша біздің нарық 2021 жылдың басында ғана жақсарып, етек-жеңін жинай бастайды. Естен шығаруға болмайтын тағы бір мәселе, карантин кезінде киноконтентті пайдаланудың артуы. Қазіргі уақытта дүниежүзі бойынша адамдар үйінде және фильмдер мен телехикаялар көріп уақытын өткізіп отыр. Яғни карантин аяқталғаннан кейін адамдар фильмдер мен сериалдарға «тойып» шығады да, басқа қызық іздей бастайды. Көрермендер киноға барғысы келмейді, кинотеатрлар жұртты залдарға қайтара алмайды, бұл жалпы киноиндустрияға әсер етеді. Әрине, осы айтылғандардың барлығы кино әлемінің мамандарын ойландырмай қоймасы анық.
Сұлушаш МАДИЯРОВА