Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихымызды кинодан көре аламыз ба?

Тарихымызды кинодан көре аламыз ба?


Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қоғам мен руханиятқа тікелей қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Соның бірі – кино саласы. Өнердің бұл түрінің халық санасына, ұлт мұратына қызмет ететін тетік екені әлімсақтан белгілі. Жалпы, кино төңірегінде айтылар әңгіменің ауқымы кең. Оның барлығын түгел қаузап, иін қандыра талқылау оңайға соқпайды. Президент сол түйткілдер ішіндегі аса маңыздысы – тарихты басты назарға ұсынып отыр. Сондай-ақ, мақаладағы бұл бөлімге «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деген атау берілуі де тегін емес.

Кино – әр мемлекеттің мәдениеті мен салт-дәстүрін, тарихын және даму деңгейін көрсететін дүние. Ел егемендігін алып, өткеніміз бен бүгінімізге есеп беретін қоғамымыздың дүниетанымдық болмысының трансформациялануы көкейкесті мәселеге айналып отыр. Кино – өмір айнасы, қоғамның экрандағы көрінісі. Ол – режиссерлер тарапынан өз қоғамына берген анализ десек те болады. Бүгінгі таңда қазақтың кино өнерінде қысқа метражды, ауыл мен қала арасындағы айырмашылық, той секілді жеңіл көзқарасты бейнелейтін туындылардың саны артып кетті. Тіпті, қазақ менталитетіне тән бітім-болмысымызды жоғалтып алатын тұстары да жеткілікті. Ал, тарихтың тамыры тым тереңде. Ол – селқостық пен қателікті көтермейді. Тарихтың бір кезеңдерін бейнелеген «Алмас қылыш», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Анаға апарар жол» сынды т.б саусақпен санарлық кино­туындылар бар. «Тебендей өзiң болғанмен, теңiздей көрiп тамсанам» деп тебiренген Саршолақ шайыр сияқты қазақ киносы туралы зәуде бiр жылы сөз ести қалсақ жанымыз жылып, жүректегi азды-көптi тоң жiбiп, ерекше бiр күйге түсетiнiмiз жасырын емес. Сондай шығарылымдардың бірі – «Анаға апарар жол» деуге болады. Көрерменнің жүрегінен жол тапқан осы туынды секілді тарихи фильмдер дүниеге келсе дейміз. Ал, кино өнері тарихи фильм түсіруге дайын ба?
Кеңестік дәуірде қазақтың дәстүр-лі өмірі түбегейлі түрде өзгеріске ұшырады. Қазақ халқы кеңес дәуірінде ғасырлар бойы көрмеген сынақтардан өтті. Көтерілістер, қозғалыстар, коллективизация, аштық, конфискация, репрессия, соғыс, ең зақым келтіргені халықтар арасындағы ұлттық айырмашылықты, дін, тіл, ділді жоюға тырысуы, халық өмірінде өз ізін қалдырды. Осындай бірегейлік саясатына қарамастан бір ұлттың екінші ұлтқа үстемдігі жүрді. Кеңестік тазартулар, бұқараның өмір салтын жоспармен ұйымдастыру, гендерлік саясат, бұқараны жаппай жұмысқа тарту, халықтың тұрмыс тіршілігін қалыптастырды. Кеңес үкіметін сынауға, айыптауға, кемшілік тұстарын ашуға тыйым салынды, партия халық көзінде мінсіз, кіршіксіз болуға тиіс еді. Содан бері де талай тауқыметтің кермек дәмін татқан қазақ тарихындағы тұлғалар мен оқиғалардың тізбегі де назардан тыс қалмауы керек.
Дамыған 30 елмен терезе теңес­тіріп, әлемдік аренада өзіндік орнымызды қалыптастыруға барынша жұ­мыс жасаудамыз. Мәселен, шетел тәжірибелеріне сүйене оты­­рып, жаңашылдыққа бейімделіп келеміз. Сондықтан, Қытай елі секілді мәдениет пен салт-дәстүрге қатаң қарағанымызда орынды шығар. Қандай да бір кино туындысына көз салсаңыз ең алдымен амандасу мәдениетіне тәнті боласыз. Сол секілді қазақтың бірсөзділігін, тектілігі мен ұят-әдебін қоса ұштастыру шеберлігі кемшілдеу екенін ұмыт қалдыра алмаймыз. Сонымен қатар, ұрпаққа ұлттық рух сыйлайтын қазақ әдебиетіндегі батырлар тұлғасын да жандандыру сөз болды. Бұл ретте Мемлекет басшысы ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын молынан пайдалану керегін де еске салады. Шынында да, Елбасы айтқандай-ақ «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек». Сонда ғана кино өнері кемелденіп, руханияттың тынысы кеңие түспек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.

23 желтоқсан 2018 ж. 2 416 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930