Көл – тынығушыларға таптырмас орын
Шиеліде Сүйіндік Аманжоловтың балық шаруашылығымен айналысып жүргеніне 7 жылдың жүзі болды. Жуырда кәсіпкердің иелігіндегі «Сүйіндік» көліне аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов, жер бөлімінің басшысы Е.Меңлібеков, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ғ.Шалбаев, кәсіпкер М.Әлжанов пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшесі А.Әбдіқадырова барды.
Көл басындағы кездесуде кәсіпкер Сүйіндік Аманжолов көлді демалыс орыны ретінде пайдалануға ұсыныс білдірді. Демалыс орынын жасауға ниетті кәсіпкер болса, тіпті көлге қарасты жерді де үлестірмек. Бастысы табиғатты қорғау талаптарына мұқият болып, заң шеңберінен шығып кетпеуі тиіс. Себебі, аталған көлде жылына 10 млн балық өндіріледі.
Сүйіндік шаруа қожалығында балық өндіруге арналған тоған, күн көзінен тікелей қуат алатын электр станциясы мен балық питомнигінің инкубациялық апараты бар. Осы апарат арқылы уылдырықтан жылына 10 млн балық өндіріліп, жалғанған құбырлар арқылы қолдан жасалған тоғанға, одан кейін көлге жіберіледі. Содан соң балық шаруашылығымен айналысатын бүтін бір отбасы балықтың ауланбауын қадағалайды. Осылайша табиғатқа өз үлестерін қосуды жөн көрген отбасы аталған кәсіпті 2014 жылы бастаған. Мемлекетке өз жобасын ұсынып, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 3 млн теңге грант, 2016 жылы БҰҰ-ның азық-түлік қауіпсіздігі «Жасыл экономика» бағдарламасы бойынша 12 млн-ға балық шаруашылығына қажетті құрылғылар алған. Бүгінде Сүйіндік Аманжоловтың отбасы түрлі семинарларда тәжірибе алмасып, оқу курстарында шеберліктерін арттыруда. Мысалға жуырда ғана отбасы мүшесі Үміт Бөкенбаева Балқаш қаласында біліктілігін шыңдап келді.
Ендігі мақсат – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» табиғат аясында қысы-жазы тынығатын демалыс орынын жасау. Е.Апетов бастаған арнайы зерделеуші топ балық шаруашылығымен танысып, демалыс орынына лайықты жерді белгілеп, табиғатты қорғау талаптарын сақтай отырып ұйымдастыруды тапсырды. Себебі, келешекте көл маңында ауқымды істер атқарылып, тұрғын үй салынады деп жоспарлануда.
Ақбота БАЯНБАЙ