«Полиэтилен өндіру зауыты» жобасы – импорттан экспортқа қадам
фото: instagram.com/kmg_petrochem_llp/
Халықаралық сауда нарығын бақылап отырған Trade Map талдау порталының мәліметіне сәйкес, Қазақстан 2022 жылы шет елдерден, соның ішінде Ресей, Өзбекстан, Қытай, Иран, Әзербайжан, Оңтүстік Корея және басқа елдерден 217 мың тоннадан астам әртүрлі типтегі және маркадағы полиэтилен импорттаған.
Полимердің аталған түріне сұраныс елімізде 2030 жылға қарай 400 мың тоннаға жетеді деген болжам бар. Себебі күнделікті тұрмыста қолданып жүрген заттардың көбі осы полиэтиленнен жасалады: азық-түлік қаптамаларын айтпағанның өзінде, коррозияға тез ұшырайтын шойын құбырларды полиэтилен құбырларға ауыстырғанымызға да біраз болды. Медицина саласына қажетті шприцтар мен пробиркалар, протез бөлшектері, ұшақтардың ішкі қаптамасы, тіпті брондалған кеудешені қазір сол полиэтиленнен жасап жатыр.
Полиэтилен – құрғақ газ құрамындағы этаннан өндіріледі. Ал еліміздегі, әсіресе Теңіз, Қашаған кен орындарындағы газдың құрамы «этан, пропан, бутан» сынды құнды фракцияларға бай. Мысалы, Теңіз кенішіндегі ілеспе газ құрамындағы этанның салмақ үлесі – 14%. Шет мемлекеттерде егер газ құрамындағы этанның үлес салмағы 5%-дан асып кетсе, оны мұнайгаз химиясы өндірісі үшін пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда, сүттің қаймағын айырып алғандай, газ құрамындағы құнды фракцияны айырып алады. Қазақстан көмірсутегі шикізатының қорына бай, бірақ сол көмірсутекті терең өңдеу арқылы алынатын полимер өнімдерін сырттан импорттап отыр.
«KMG PetroChem» ЖШС болашақта осы олқылықтың орнын толтыратын бірнеше жобаны қолға алған. Соның бірі – Теңіз кен орнында салынатын полиэтилен өндіру зауыты. Қазір зауыттың жобалық құжаттары дайындалып жатыр. Стратегиялық серіктес ретінде мұнайгаз химиясы саласындағы әлемдік алпауыттар – Сибур мен Sinopec компаниялары таңдалған. Елімізде мұнайгаз химиясы кластерін құрудың екінші кезеңі саналатын зауытты 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Болашақ зауытта полиэтиленнің 10-ға жуық түрін өндіру көзделіп отыр, оның 40%-ы бүкіл әлем бойынша сұранысқа ие премиум санатындағы полиэтилен.
Жоғарыда айтып өткендей, полиэтилен түйіршіктерін өндіруге қажетті этанды газ құрамынан айырып алу үшін елімізде қуаттылығы жылына 9,1 текше метр газ өңдейтін Газсепарациялау кешені салынып, сол газды зауытқа оңтайлы жолмен жеткізу үшін ұзындығы 210 км магистральді құбыр төселмек. Бұл жобаларды да «KMG PetroChem» ЖШС жүзеге асырып жатыр.
Елімізде мұнайгаз химиясы кластерін дамыту – экономиканы әртараптандырумен қатар, импортқа тәуелділікті азайтып, экспортқа жол ашады. Wood MacKenzie талдау агенттігінің көрсеткіштеріне сенсек, 2022 жылы әлем өндірістері 112 млн тонна полиэтилен тұтынған, бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 200 млн тоннаға жетеді деп болжануда.
Бұдан бөлек, болашақта елімізде газдан азотты тыңайтқыш карбамид және мұнайды тереңірек өңдеу арқылы полиэтилентерефталат өндіру жоспарда бар.
Бұл әлемде үлкен сұранысқа ие өнімдер өз шикізатымызды терең өңдеу арқылы өндірілмек. Бір қызығы, Оңтүстік Корея сынды кейбір мемлекеттер көмірсутегі шикізаты қоры болмаса да мұнайгаз химиясы өнімдерін өндіріп қана қоймай, әлемге экспорттап отыр.
Қолда бар шикізатымызды ұтымды пайдаланып, өндіріс ошағын көбейтсек, жұмыс орындары да көбейер еді.