Қазақстандағы локомотивтердің 52%-ы тозған – министр
фото: bangkokbook.ru
Елімізде локомотивтердің жартысынан астамы тозған. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, бүгінде локомотивтердің техникалық жағдайына мән беру керек.
Қазір локомотив паркінің жалпы саны – 1 880. Тозу деңгейі – 52%. Биыл қажет локомотивтер санын қамтамасыз ету және парктің тозу деңгейін төмендету үшін 133 локомотив сатып алынды: 99 локомотив жеткізілді, 34 локомотив жыл соңына дейін жеткізіледі, - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.
Министр локомотивтер негізінен отандық локомотив және электровоз зауыттарында құрастырылатынын атап өтті.
Тарту ресурстарының тапшылығын ескеріп, қосымша 200 локомотив (100 жүк тепловозы, 100 маневр тепловозы) сатып алу мәселесі пысықталып жатыр. Осылайша, 2025 жылға дейін 568 локомотив сатып алу жоспарланған. Бұл жылжымалы құрам паркіндегі тапшылықты толық жояды, - деді ол.
Сондай-ақ Марат Қарабаев қазір Қазақстанда 135 мың жүк вагоны бар екенін жеткізді.
«Нарықта 300-ден аса оператор жұмыс істейді. Оның ішінде Қазақстан темір жолына 38 мың вагон тиесілі. Олар әлеуметтік маңызы бар тасымалдарға, яғни еліміздің энергетикалық секторына және халыққа жеткізілетін көмірді тасымалдауға жұмылдырылған. 2025 жылға дейін ұлттық оператор (ҚТЖ) қосымша 3 мың ашық вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 275 вагоны биыл пайдалануға берілді», - деді министр.