«Ұлттық қор – балаларға» немесе кім қанша алады?
сурет ашық дереккөзден алынды
Президент ел көңілінен шыққан тың бағдарлама туралы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында айтқан болатын. «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынамын. Бұл ретте оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді», – деді Мемлекет басшысы.
Жоба 2024 жылы 1 қаңтардан бастап іске қосылады. Десе де көпшілік оның қалай жүзеге асатынын, ай сайын қанша қаражат аударылатынын білмейді. Алты баланың анасы Айсұлу Талғатқызы балалардың болашағына инвестиция құймақ түгілі бүгінгі қажетін әрең қамтып отырғанын айтады.
– Қазір қымбатшылық екі бүйірден қысып тұрған кезде балалардың келешегіне деп депозит ашуға мүмкін болмай тұр. Тапқан-таянғанымыздың жартысынан астамы тек тамаққа кетеді. Үлкенім тоғызыншы сыныпта оқиды. Кіші балам небәрі екі жаста. «Ұлттық қор» жайлы жаңалықтардан көріп, естігеніміз болмаса, нақты қанша теңге қаражат алатынымызды білмейміз. Бірақ біз секілді ата-аналарға үлкен көмек болары анық. Балалар өздері 18 жасқа толғанда біліміне, денсаулығына жұмсап, мүмкін жеке кәсіп ашатын шығар. Осы дүниелерге керекті қаржы деп ойлаймын, – дейді көпбалалы ана.
Иә, әлі де екіұдай сенімде жүргендер көп. Бірі бұл қаражат ертеңгі күні берілмей қалады десе, енді бірі қаңтар айында үлкен баласы 18 жасқа толса, одан қағылатындарын айтуда. Көпшілік арасындағы осындай түсінбестік пікірде жүргендер бар. Жуырда Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы алғашқы ақша балалардың шотына 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап түсетінін айтты. Ол ақшаны есептеу мен бір балаға шаққандағы соманы анықтауға бір ай қажет.
– Бұл – қарапайым арифметика. 18 жылдағы инвестициялық табыстың 50%-ы 18 жасқа дейінгі қазақстандықтардың санына бөлінеді. Осылайша әрқайсысы өзіне тиесілі соманы алады. 18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Шоттағы қаражатқа 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Егер 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар. Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жойылады, – деді ол.
18 жасқа 1 ақпаннан кейін толатын азаматтар ақшаларын алу үшін электронды платформа арқылы өтініш білдіруге тиіс. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Шот келер жылы автоматты түрде ашылады. Қаражатты оқуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады. Ақша еліміздегі 7 млн-ға жуық балаға теңдей бөлінеді. Оның мөлшері Ұлттық қордың инвестициялық табысына байланысты. Болжам бойынша 2024 жылы туған баланың шотына 18 жыл ішінде 3500 АҚШ доллары жиналуы тиіс. Ал жыл сайын шамамен 150-160 доллар аударылады.
Алайда бұл сома өзгеруі мүмкін. Бұл Ұлттық қордың кірісіне байланысты болмақ. Жиналған қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға тыйым салынады. Бағдарламаға 17 жастан бастап қосылған баланың шотына бір жыл ішінде небәрі 100-150 доллар түседі. Айта кетері, шоттағы ақша доллармен есептеледі доллармен беріледі. Ұлттық қордың қаражатына салық салынбайды.
Жұртшылық арасында неліктен қаржының теңгемен аударылмайтыны жайында мәселе талқылануда. Бұл 18 жыл бойы жиналған ақшаның құнсыздану деңгейі жоғары екенін әрі девальвациялық тәуекелдер басым екенін мамандар да растап отыр. Деректерге сүйенсек, елімізде 18 жасқа дейінгі 6 млн 700 мың бала бар екен. Егер 18 жасқа толмаған бала шет елге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді. Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.
18 жасқа толған қазақстандықтар Ұлттық қордың табысынан жиналған қаражатты тек екі мақсатта пайдалана алады. Біріншісі – баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту. Бұл ретте тұрғын үйді тек Қазақстан аумағында ғана сатып алуға рұқсат етіледі. Екіншісі – білім алу. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар. Заңда қаражатты емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған.
Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталады және оны Ұлттық банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрады. Әр жылдың 20 қаңтарына дейін бағдарламаға қатысатындардың соңғы тізімі жасалып, 31 қаңтарға дейін шотқа ақша аударылады.
Бір отбасының балаларына Ұлттық қордан жиналған қаражатты Отбасы банктегі ортақ депозитке аудару құқығы беріледі, яғни ағайынды балалар кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын Отбасы банкіне аударып, бірігіп пәтер сатып ала алады. Бала қайтыс болған жағдайда қаражат туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі. Арнайы жинақтаушы шот операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болады.
Біз ана мен бала капиталы шет мемлекеттерде қалай жұмыс істейтіні туралы мәліметтер іздедік. Мәселен, көрші Ресейде 2007 жылдың бірінші қаңтарынан бастап енген «ана мен бала капиталы» елдегі демографияны арттыруға үлкен сеп болған.
Швецияда елеулі жеңілдіктер бар және ол кезекті сәби туған сайын өсе береді. Сондай-ақ, табысы аз отбасылар үшін қосымша жәрдемдер бекітілген.
Финляндия – жәрдемақы мөлшері қомақты елдердің бірі. Бір қызығы мұнда Финляндия аумағында босанған барлық әйелге берілетін (қай елдің азаматы болса да) «Шаранаға сыйлық пакеті» бар. Оның ішінде сәби бір жасқа толғанша керек дүниенің бәрі қамтылған.
Польшада табысы төмен көпбалалы отбасына арнайы жәрдемақы тағайындалады. Егер отбасында мүгедек бала болса және оның күтіміне байланысты ата-анасының бірі жұмысқа шыға алмайтын жағдайда жәрдемақы мөлшері екі есе артады.
Біріккен Араб Әмірлігінде шаңырақ көтерген жас отбасына елдің неке қорынан әрқайсысына 20 мың доллар өсімсіз несие беріледі. Бұл қаржыны қайтару міндет емес, себебі тұңғыш бала туған бойда бұл қарызды мүлде ұмытып кетеді.
Міне, біз білген ақпараттар осындай. Ал өткен апта соңында, яғни 16 қараша күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Енді заңға сәйкес, 2024 жылы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына аударыла бастайды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА