ҰРПАҚ ҚАМЫ ҮШІН ҰТЫМДЫ БАҒДАРЛАМА
Адам капиталын дамыту – қоғамның ілгері басуына бастайтын іргелі бағыт. Осыны басшылыққа алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәрменді бастамалар көтеріп, ілкімді істердің атқарылуына ықпал етіп келеді.
Ел болашағы саналатын балаларға мемлекеттің қамқорлығы қашанда маңызды. Осы орайда Президент ұсынған «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, қуана қабылдады.
Ел болашағы саналатын балаларға мемлекеттің қамқорлығы қашанда маңызды. Осы орайда Президент ұсынған «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, қуана қабылдады.
Қ.Тоқаев ел көңілінен шыққан тың бағдарлама туралы жақында жариялаған «Әділетті ұлт. Біртұтас мемлекет. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында айтты.
«Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 процентін балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», – деді Қ.Тоқаев Жолдауында.
Осынау жаңалыққа қанығып, қуанып қалған халықты алдымен әр баланың еншісіне шамамен қанша көлемде қаржы бұйыратыны қызықтырды. Бұл туралы жуырда Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді.
«Ұлттық қордан балаларға берілетін ақша 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін болады. Әр балаға берілетін қаржыға жылдық пайыздық мөлшерлеме 2,6 көлемінде болады деп отырмыз. Бұл соманы Ұлттық банкпен бірлесіп бүгінгі таңда қалыптасқан тарихи деректерді ескере отырып жасадық. Нарық жағдайының өзгеруіне қарай бұл көрсеткіштің де өзгеретіні түсінікті. Әзірге жылдық қаражатты 150-160 доллар көлемінде деп белгіледік. Бұдан да көп болуы мүмкін. Оны нарық, инвестициялық табыстың қалыптасуы көрсетеді», – деп түсіндірді вице-министр.
Айтуынша, бағдарлама 2024 жылы іске қосылғанымен, есептік жыл ретінде 2023 саналады. Әзірге ұлттық қордың балаларға беретін қаржысын екі мақсатта жұмсауға рұқсат етіледі деп отыр.
Бала 18 жасқа толған соң қаражат оның жекеменшігі деп есептеліп, оны қалай пайдалану құқығы өзіне беріледі. Ақшаны білім алу мен тұрғын үй сатып алу үшін пайдалануға болады. Осы орайда, қаражатты шетелдік оқу орнындағы оқу ақысына қолдануға шектеу қойылмайды. Ал баспананы тек Қазақстан Республикасының аумағынан ғана сатып алу қажет. Баланың шотындағы жинақ сомасы ол 18 жасқа толғанда 3500 доллар шамасында жиналады деп болжануда.
Жалпы қоғамның орнықты дамуы ел табысының шарапатын әр шаңырақтың сезінуінен байқалады. Осы орайда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы ел болашағына деген үмітімізді арттырып, сенімімізді нығайта түсетін қадам болмақ.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ