Алтыннан алқа тағынды, күмістей асыл аналар

Сәрсенбінің сәтті күнінде аудан әкімі Нұржан Ахатов көпбалалы аналарды қабылдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 16 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес, көпбалалы аналарға 13 алтын, 19 күміс алқа берілді.
Бүгінгі таңда Шиелі ауданында «Алтын алқа» иелерінің саны – 970, ал «Күміс алқа» иегерлері – 1557-ге жетіп отыр. Әрмен қарай аудан басшысы аяулы жандарға жылы лебізін білдірді.
– Әрдайым үлкенді құрметтеуді азаматтық парызы санаған қазақ халқында ананы сыйлау – тәрбиенің бастауы. Ананың аялы алақаны бүкіл әлемді мейірімге бөлейтіні рас. Сондықтан туған өлкеміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еткен еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін, – деп аналарды құттықтады.
Ана – ұлтымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттерді тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші. Тіпті кезінде аналарымыз, жаугершілікте ерлермен бірге атқа қонып, бейбіт кезде бесік тербеткен. Сондықтан бейбіт күннің батырына баланған көпбалалы аналар да марапатқа қашанда лайық. Тағылымы мол шараның соңы аудан өнерпаздардың әдемі әнімен жалғасты.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ