Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ілкімді істің нақты нәтижесі

Ілкімді істің нақты нәтижесі


Облыстық қоғамдық даму басқармасының жұмысы сан салалы. Ол аймақтағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы, мемлекеттік тіл, жастар, ақпараттық саясат, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы және ҮЕҰ арқылы мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру саласындағы қызметтерді жүзеге асырады. Бұл жөнінде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтып берді.

Ақпараттық саясат ахуалы
Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 148, яғни 13 мемлекеттік, 135 тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Оның ішінде 120 баспа БАҚ, 26 интернет-сайт пен ақпараттық агенттік, 2 телеарна бар.
Мемлекеттік органдарды БАҚ-пен байланыстыратын өңірлік коммуникациялар қызметінде 187 баспасөз конференциясы, 21 баспасөз туры ұйымдастырылды, 4000-нан аса баннер мен графикалар таратылды, – деді А.Есмаханов.
Облыс бойынша 130 215 абонент ұлттық цифрлық телехабар тарату қызметіне қосылған. Бұл бастағы меженің 92%-ын құрайды.
Азаматтық қоғам институттары
Әділет департаментіне 1057 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 400-ге жуығы өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне белсенді араласып, өз үлестерін қосуда. Тарқатып айтар болсақ, 467 бірлестік, 295 қор, 262 филиал мен өкілдік, 33 заңды тұлғалар бірлестігі бар. Облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялар құрамына 100-ден аса үкіметтік емес ұйым өкілі тартылған. Азаматтық қоғам институттарының басын біріктіретін «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының альянсы ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі жұмыс істейді.
– Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғам құрылымдарына қаржылай қолдау көрсету көлемі де ұлғайып келеді. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 145 жобаға  қаржы қаралып, салалық принцип негізінде 19 бағыт қамтылды. Оның ішінде облыстық қоғамдық даму басқармасы арқылы 25 жобаға қаржы бөлінді. үшінші тоқсанның қорытындысымен 46 шара ұйымдастырылып, оған 2700 адам қамтылды. Сонымен қатар, 1100 адамға тегін кеңес берілді.
Екінші жартыжылдыққа арналған қоғамдық-саяси маңызды шаралардың 167 тармақтан тұратын күнтізбелік жоспары әзірленіп бекітілді. Жоспарда қоғамдық-саяси маңызды оқиғалар, республика көлемінде аталып өтілетін даталар, Қызылорда облысынан шыққан азаматтардың мерейтойлары мен өңірдің тарихи-мәдени және идеологиялық мазмұнын айшықтайтын шаралар қамтылған, – деді басқарма басшысы.
Осы тұста бірқатар шараларды атап айтсақ, облыстың 85 жылдығымен орайластырылып, аймақтың дамуында өзіндік қолтаңбалары бар мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ.Қазантаев, И.Әбдікәрімов және Т.Есетовтің 100 жылдығына аудандар мен облыс орталығында еске алу шаралары, сондай-ақ, олардың өмірі мен қызметіне арналған ғылыми-танымдық конференциялар өткізілді.
Мемлекеттік тіл мерейі
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 126 млн теңге қаржы бөлінген. Облыстық тілдерді оқыту орталығы Қызылорда қаласы мен аудандардағы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстарын ұйымдастырды.
– Тілдік ахуалды зерделеу бойынша жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесімен шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдар бойынша 99,7% құрады. «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» жобасы аясында облыстық байқаулар мен семинарлар тұрақты өткізілуде, – деді А.Есмаханов.
Тіл орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы сөздердің дұрыс жазылуы, ұлттық дәстүрлер және ұлттық сөз саптау үлгілері бойынша «Сөзтүзер», «Дәстүрім – діңгегім», «Қазақтың ым-ишарат мәдениеті», «Ұлылар ұлағаты», «Сөздер сөйлейді», «Тіл туралы толғамдар» ақпараттық айдарлары тұрақты жүргізіліп келеді.
Ұлттар достығының діңгегі
Этносаралық саладағы ахуал және этностық топтар арасындағы өзара қарым-қатынас тұрақты әрі қалыпты деңгейде сақталды.
Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруда облыстық ҚХА құрамында 11 этномәдени бірлестік, аудандарда 5 этнобағытталған үкіметтік емес ұйым және 9 қоғамдық құрылым жұмыс атқарады. Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы университеттің Қазақстан халқы Ассамблеясы орталығымен тығыз әріптестік байланыс орнатылған. Жоспарлы түрде іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл бойы «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында облыстық этномәдени бірлестіктердің ашық есік күндері, түрлі бағыттағы семинарлар, этностардың мәдени күндері және ұлттық мерекелері аталып өтілуде.
Сенім мен серпіліс
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, аймақта 14 пен 35 жас аралығындағы 244 865 жас есепке алынып, жалпы халықтың 29,3%-ын құрап отыр.
Үшінші тоқсан қорытындысымен жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,5%-ды құрады, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмендеу бар. Айта кету керек, облыста NEET санатындағы жастардың үлесін азайту бағытындағы жұмыстарға негізгі басымдық берілген.
– Жастарды қолдауға жергілікті бюджеттен 646 млн теңге, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 32 жобаға 225,6 млн теңге бөлінді. Өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Сыр жастары» бағдарламасы қабылданды.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен, «Отбасы банк» АҚ тарапынан қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін бағдарлама аясында 100 жас отбасы баспаналы болады деп жоспарлануда.
Құжат қабылдау 12-26 қазан аралығында ұйымдастырылып, конкурсқа 789 адамнан өтінім түсті. Бұл өтінімдер қаралып, басқарма жанынан құрылған комиссия отырысында санаттар бойынша тұрғын үй квотасы бөлінді. Қазір балы жоғары 100 үміткерге «Отбасы банктен» төлем қабілетін растаудан өту үшін жолдама берілуде, – деді басқарма басшысы.
Айдар САЙЛАУОВ
16 қараша 2023 ж. 182 0

Қоғам

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА
04 мамыр 2024 ж. 55

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031