Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл байқауында облыстық ҚХА құрылымының мүшелері топ жарды

Тіл байқауында облыстық ҚХА құрылымының мүшелері топ жарды



Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Достық үйінде «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау өтті.

Байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардағы мемлекеттік тілді жетік меңгерген 18-35 жас аралығындағы этнос өкілдері қатысты.
Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Қатысушылар 4 кезең бойынша бақ сынасты. «Жұлдызды сәт» кезеңінде өз өнерлерін ортаға салды. «Сөздің көркі» кезеңінде отан, елге қызмет тақырыптарындағы мақал-мәтелдер айтудан жарысты. Қатысушылар ұсынылған мақалды жалғастырып, белсенділік танытты. Ал «Ой ұшқыны» үшінші кезеңде қатысушылар арнайы тақырыпты таңдап, ой толғады. «Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» атты үшінші кезеңде берілген сұрақтарға жылдам-жылдам жауап берді.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші жүлделі орынды «Қоғамдық келісім» КММ сектор меңгерушісі, өңірлік ҚХА жанындағы «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі Елена Пак, екінші орынды Жалағаш ауданының тумасы, шешен этносының өкілі Рюзанна Шамилова, үшінші орынды өңірлік «Ассамблея жастар» ұйымының белсендісі Вероника Русланова жеңіп алды.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов құттықтап, арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтар табыстады.

Айта кету керек, өңірлік кезеңнен өткен жеңімпаз республикалық байқауға жолдама алды.
10 тамыз 2023 ж. 196 0