Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркістанда жаңа телеарна ашылады

Түркістанда жаңа телеарна ашылады

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасында облыстағы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы жөнінде жиын болып өтті. Шараға қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов және облыстың аудан, қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімінің басшылары қатысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Жиынның күн тәртібіне қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыру, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау және облыстағы этносаралық қатынастардың мәселелері айтылып, жан-жақты талқыға түсті.

 Сонымен қатар, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін санитарлық талаптарды сақтай отырып тойлау барысы баяндалып, мерекеге қатысты жоспарлар пысықталды. Сондай-ақ Наурыз мерекесінің қарсаңында тұсауы кесілетін «Түркістан» телеарнасының тұжырымдамасы таныстырылып, арнаның даму бағыттары жайлы сөз қозғалды. Түркістан облысы әкімдігі құрылтайшысы болып табылатын «Түркістан» телеарнасы облыс жұртшылығына ғана емес, күллі Түркі елдеріне 5 тілде хабар тарататын бірегей медиа кеңістік болғалы тұр. Арнаның өркендеуі – облыстың рухани-мәдени бағытта дамуына оң ықпалын тигізіп, өңір жетістігін кең көлемде насихаттауға жол ашады, - деген басқарма басшысы Дамир Жүнісов алдағы уақытта телеарна ұжымымен тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырды. Жиын соңында қатысушылар «Алатау» медиа орталығының материалдық-техникалық базасы мен «Түркістан» телеарнасының алғашқы шығарылымына дайындық жұмыстарымен танысты.

17 ақпан 2021 ж. 280 0