Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Газ тұтынудың талабы күшті

Газ тұтынудың талабы күшті


Кейбір тұрғындар өрт және газ қауіпсіздігін сақтауға келгенде салғырттық танытады. Осының салдарынан еліміздің бірқатар өңірінде адам өмірін қиған қайғылы оқиғалар тіркелді. Абай облысының Аягөз қаласында газды дұрыс пайдаланбау салдарынан төрт бала қаза тапса, Шымкент қаласында бір отбасы мүшелері түгелдей көз жұмды. Өте өкінішті. Қысқасы, тұрғындар «көгілдір отынды» пайдалану қауіпсіздігін қатаң сақтауы қажет.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков мәлімдегендей, мамандар жыл сайын жылу беру маусымы басталар алдында тұрғындар арасында түсіндірме жүргізеді. Оған салғырт қарауға болмайды. Бұл – адам өмірі, денсаулығы, мүлікті және қоршаған ортаны өрттен қорғауға деген жауапкершілік.

– Биылғы жылу беру маусымында облыстағы тұрғын үй секторында 13 өрт оқиғасы тіркелген. Ол өткен жылдың осы кезеңінде 31 жағдайды құраған еді. Өрт оқиғасынан қаза болу, жарақат алу және улану фактілері тіркелген жоқ. Өкінішке орай, былтыр 2 адам қаза болды. Аталған оқиғалар көптеген жағдайда тұрғындардың өрт қауіпсіздік шарасына салғырт қарауынан туындайды. Тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеу, балаларды қараусыз қалдыру секілді келеңсіздік орны толмас ахуалға әкелуі мүмкін, – деді А.Оразбеков.

Департамент мамандары әр аптаның сенбісінде Полиция департаменті қызметкерлері, волонтерлермен бірге профилактикалық жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Ол жылу беру маусымы кезінде өрттің пайда болуын, адамдардың қаза табуын және жарақат алу қауіп-қатерін болдырмау мақсатында қолға алынған.

Тұрақты түрде тұрғындармен кездесу ұйымдастырылуда. 434 тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талабының бұзылу жағдайы анықталған.
Облыста 2019 жылдан бері тұрмысы төмен отбасыларға көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнату қолға алынды. Осы мақсатта облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алынған тізімге сәйкес тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғызбасты ана және мүгедектігі бар 8243 отбасы есепке алынған. Олардың арасынан 7250 отбасына құрылғы орнатылған. 2022-2023 жылғы жылу беру маусымында сол датчиктер 2 рет дабыл беріп, 11 адамның өмірін сақтап қалуға сеп болды.

Жүргізілген жұмыстарға қарамастан 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін тұрмыстық газ баллондарының жарылуы 5 рет тіркелген. Оқиға салдарынан 8  адам қаза болып, 9 адам жарақат алды. Оның басым бөлігі тұрмыстық газ баллонды шамадан тыс толтыру салдарынан тіркелді.

«Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңның 28-бабы  5-тармағына сәйкес сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондарда бөлшек саудада өткізуді балонның техникалық жай-күйін қамтамасыз етуге міндетті газ толтыру пунктінің иелері жүзеге асыруы тиіс.
Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың 129-тармағына сәйкес стационарлық автогаз құю бекеттеріне автокөлікте пайдалануға арналмаған баллондарды толтыруға қатаң тыйым салынады. Демек, бұл мәселеде талап күшейтілуі қажет.

– Тағы да айта кететін мәселе, облыс аумағында орналасқан  12 білім беру объектісінің бу қазандығы негізгі ғимараттың ішіне немесе жапсарлас орналастырылған. Бұл – өрт қауіпсіздігі талабының өрескел бұзу. Мұндай жағдайлар Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында кездесті, –деп толықтырды А. Оразбеков.

Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының апатты-диспетчерлік қызметінің басшысы Базарбек Ерімбетов «көгілдір отынды» пайдалануда улану мен жарылыстардың едәуір бөлігі жылыту құрылғысын пайдалануға немқұрайлы қараудан болатынын тағы бір ескертті.

– Қолдан жасалған пештерді, үйді жылыту үшін газ плитасын, су жылытатын газ жабдығын және қазандықты жуынатын бөлмеге орнатуға болмайды. Газ жабдығының бітелуі, оқшауланбауы, герметикалық қосылмауы, техникалық қызмет көрсетудің болмауы өте қауіпті. Сондықтан түтін мұржалары мен желдету арнасын уақытылы тексеру және тазарту, газдан ажырату автоматикасы бар дабылқаққыштарды (сигнализаторларды) орнату қауіпсіздік көзі саналады, – деді ол. 

Қауіпсіздік мақсатында  мекеме қызметкерлері жыл соңына дейін 10 мыңнан астам жадынама таратуды жоспарлап отыр.
 
– ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы 112 нөмірі бойынша мәтіндік хабарламалар жіберу бастамасын қолға алдық. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздік шараларымен ұдайы танысып отыруына үлкен мүмкіндік, – дейді «ҚазТрансГаз» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының техникалық-өндірістік бөлімінің басшысы Ислам Бектұрғанов.

Әділжан Үмбет
02 қараша 2023 ж. 220 0