Шекарашылар тозған үйлерде тұрып жатыр – депутаттық сауал
коллаж: Halyq Uni / Алматы облысындағы шекара бөлімшесі
Бүгінде шекарадағы заставалардың біразы апаттық жағдайда тұр, ал шекаралашылар тозығы жеткен ескі үйлерде тұрып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Болат Керімбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолданды.
Биыл 16-31 шілде аралығында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірнеше депутаты шекара қауіпсіздігі мәселелерін Жетісу және Жамбыл облыстарындағы шекара заставалары мен бекеттеріне өз көзімізбен көру үшін барып қайттық.
Шекара инфрақұрылымының ескіруі, шекараны қорғаудың техникалық және байланыс құралдармен төмен деңгейде қамтылуы сияқты жүйелі проблемалардың бар екендігіне куә болдық, бәрін ішінен көрдік. Шынымызды айтсақ, жағдай мәз емес, - деді Болат Керімбек ағынан жарылып.
Депутаттың айутынша, бүгінде заставалардың біразы апаттық жағдайда тұр.
«Шекарашылар сонау 1950-60 жылдары салынған ескі үйлерде тұрып жатыр. Қазір шекараны жаңғырту бойынша іске асырылып жатқан шаралар, бұл мәселелерді толық шеше алмайды.
Шекараны бекемдеу үшін 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында 68 объектінің құрылысы жоспарланған, қаражаты бөлінген. Алайда, оның ішінде 15 нысанның құрылысы аяқталмай қалған.
2017 жылы осы аяқталмай қалған 15 объектіге аудиторлық тексеру жүргізілді. Олардың үшеуі апаттық жағдайда, ал тоғызының жағдайы талапқа сай келмейді. Мұндай жауапсыздықты Солтүстік Қазақстан облысындағы заставаларды салу барысында да байқадық. Оған жуырда осы өңірге барған іс-сапарымызда көз жеткіздік. Құрылыс компаниялары нысанды толық аяқтамай жатып, «құрылыс материалдары қымбаттады» деп, келесі жылға тағы да ақша сұрайды. Осылай уақытты созып келеді. Осыдан шекара саласында жауапсыздық пен жемқорлыққа жол берілгенін көреміз», - деді депутат.
Шекарадағы проблемаларды шешу үшін Президент әкімшілігі басшысының тапсырмасымен 2024-2028 жылдарға арналған шекара қауіпсіздігінің кешенді жоспары әзірленген. Алайда оған 582 млрд теңге керек.
Сонымен қатар мемлекеттік шекара инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша жол картасы әзірленген. Оны іске асыруға 118 млрд теңге қажет. Алайда Мәжілісте қаралып жатқан бюджетте шекара саласындағы мәселелерді толығымен шешуге сұралып отырған қаражат қарастырылмаған. Үкіметіміз қазіргі геосаяси жағдайды көре тұра, салғырттық танытқаны ма?! Оның әрекетсіздігі бізді таңқалдырып отыр. Бұны қалай түсінуге болады?, - деді Болат Керімбек.
Депутат Үкіметке төменде көрсетілген бірқатар шара қабылдауды ұсынды:
- Қорғаныс саласын және Шекара қызметін қаржыландыру мәселесі республикалық бюджетті қалыптастырған кезде ең жоғары басымдыққа ие болуын қамтамасыз ету;
- Ұлттық қордан арнайы қаржы бөлу мәселесін қарастыру;
- Қорғаныс және шекара саласына бөлінетін шығыстарды жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1%-ына дейін жеткізуді заңмен бекіту;
- Жүйелі әрі кешенді жұмысты ұйымдастыру және жоспарлау үшін арнайы бағдарлама қабылдау:
- Мемлекеттік қауіпсіздік саласының аса маңыздылығын ескере отырып, аталған мәселелерді Қауіпсіздік кеңесінде қарауды жөн деп санаймыз.