Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың дәмі арқаның төрінде

Ауылдың дәмі арқаның төрінде

Ел ырзығын тасытып, берекесін арттыратын күз айлары – әлеуметтің қыс маусымына қапысыз қамдануға кірісетін шағы. Қамданыстың басты шарты, әрине, жеткілікті азық-түлік қорын жасақтау екендігі бесенеден белгілі. Бұл әсіресе, көмір түсіріп, тамызық жинауға бас ауыртпайтын, қорасында қоңды мал ұстамайтын қалалық ағайынға тән сабылыс. Астана қаласы тұрғындарының осынау сұранысын 16-17 қыркүйек күндері сырбойылық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуымен өткен жәрмеңке біршама өтеп бергендей.
Қызылорда облысынан Астана қаласына ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген 40 жүк көлігі барды. Арқа төріндегі тұрғындарға жалпы құны 160 млн теңгені құрайтын 450 тоннадан астам Сыр дәмі ұсынылды. Атап айтқанда, 130 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет және 30 тоннаға жуық балық, 30 тоннадай көкөніс пен жеміс-жидек, 230 тонна бақша өнімі, 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімі, 5 тоннаға жуық сөк, талқан және кондитер өнімі бар.
Сол күні Сарыарқаның төріндегі Орталық базардың іші мен төңірегі қарақұрым халыққа толы болды. Көз үйренген күнделікті көріністен арылып, айрықша мерекелік реңге енген сауда орындарында береке мен молшылықтың лебі есіп тұрды. Бұған ауыл шаруашылығы өнімдерінің молдығы мен алуан түрлілігі, сондай-ақ, олардың құны нарықтағы бағадан 10-20 пайыз төмен болуы және аудан басшылығы мен селолық округтер әкімдерінің сауда нүктелерін айшықты безендіру мақсатындағы әрекеттері де негіз болған сыңайлы.
Айтып-айтпай не керек, жәрмеңкеде жайылған сөрелерден қала жұртшылығы өздеріне қажеттің бәрін тауып, өз қалауы мен қалтасындағы қаражаттың мүмкіндігіне сай, қоржындарын қампайта толтырып жатты. Қысқасы, сатып алушылар да дән риза, өнімді ұсынушылар да ерекше мәз. Сырттан бақылаушы тараптың да көңілдері тоятындай көрініс еді бұл. Біреулер мықшыңдай сөмке көтерсе, екіншілері бала-шағасының ырзығын қапқа салып арқалап алған, ал үшінші біреулері жылқының, сиырдың немесе қойдың жіліктелмеген тұтас етін көліктеріне қарай қауымдаса, қауқылдаса көтеріп бара жатыр…
Шиелі аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мәлімдеуінше, жәрмеңкені ұйымдастыруға аудан аумағындағы 5 селолық округтің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері жұмылдырылған. Олар Астанаға 27 тонна күріш, 10 тонна қарбыз, 10 тонна қауын, 10 тонна қызанақ, 2 тонна қияр, 20 тонна асқабақ, 800 кг бал алып барды.
– Таңсәріден ауылдың дәмін тату үшін Сыр елінің жәрмеңкесіне асығып келдім. Дәмі бал татитын қауын-қарбызын, балығы мен бақша өнімдерін көпшілікпен таласа жүріп сатып алдым. Диқандардың тиімді бағада ұсынған өнімдеріне астаналықтар дән риза. «Береген қолға береке дариды» деген сөзді бабалар бекер айтпаған. Ең бас­тысы, елдік дәстүрді дәріптей отырып, мерекенің шырайын енгізуге дәнекерлік еткендеріңіз үшін қуаныштымыз, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
19 қыркүйек 2023 ж. 148 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031