Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұр-Сұлтан қаласына ауылшаруашылық өнімдері жеткізілді

Нұр-Сұлтан қаласына ауылшаруашылық өнімдері жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 21 тамыз бен 31 қазан аралығында әр сенбі және жексенбі күндері өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Дәстүрлі жәрмеңкені биыл Түркістан облысының тауар өндірушілер ашады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңке «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала тұрғындары азық-түлік өнімдерін арзан бағада сатып ала алады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласына Түркістан облысы ауыл шаруашылығының өнімдері жеткізіліп отыр. Жәрмеңке 2021 жылдың 21-22 тамыз күндері өтеді. Оған 500 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдері жеткізіліп отыр. Бұл тауарлар нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзан. Біз негізінен көкөніс, жеміс-жидек, мал шаруашылығы өнімерін, құс етін әкеліп отырмыз, - деді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Бақтияр Сатыбалдиев.
Түркістан өңірінде Қазақстанда өндірілген өнімнің жалпы санынан 100% мақта, 76% жүзім, 59% бақша өнімдері, 40% жеміс, 33% мақсары майы, 25% көкөніс және 25% жүгері өндіріледі. Ірі қара мал етінің экспорты бойынша облыс республикада бірінші орында.
Біз экологиялық таза, сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізіп отырмыз. Елорда тұрғындарының басым бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізілген көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт секілді өнімдерді сатып алғанды жөн көреді. Түркістанның жері құнарлы, суы таза, сол себепті тағам өнімдерінің дәмі де ерекше. Елорда тұрғындарына тауарларымыз ұнайтынына сенімдімін, - деді Бақтияр Сатыбалдиев.
Түркістанның 50-ге жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі елордаға 500 тоннадан астам өнім әкеледі. Оның ішінде 99 тонна ет және ет өнімі, 75 тонна сүт өнімі, 152 тонна көкөніс, 21 тонна жеміс-жидек, 23 тонна картоп, 20 мың дана тауық жұмыртқасы, 11 тонна балық, 2 тонна бал, 31 тонна кептірілген жеміс пен түрлі консервілер, 8 тонна басқа өнімдер бар.
Айта кетейік, жәрмеңкелерді өткізу кезінде жұртшылық санитарлық нормаларды қатаң сақтауы тиіс: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, антисептиктерді қолдану. ​https://baq.kz​​​
21 тамыз 2021 ж. 726 0