Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Қызылорда облысының Құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы рәсімнің қонағы болды.
Аймақ басшысы тұрғындарды спорт нысанының ашылуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймағымызда спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ел Президентінің бастамасымен өткен жыл «Балалар жылы» деп аталғаны белгілі. Атаулы жылда демеушілер көмегімен 1 млрд. 600 млн. теңгенің 80 спорт-ойын алаңы балдырғандарға тарту етілді. Оның 6-уы Шиелі ауданында балалар игілігіне берілді. Демеушілер бұл жұмыстарды биыл да жалғастыруда. Үкіметтің қолдауымен аймақта спорт құрылымын дамытудың ауқымды жобалары жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы Шиелі кенті «Көкшоқы» шағын ауданындағы спорт кешені күрделі жөнделіп, бүгінде онда тұрғындардың спортпен айналасуына барлық жағдай жасалған. Жастардың байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда топ жаруына заманауи үлгідегі осындай нысандардың қосар үлесі мол», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Расында Сыр елінің саңлақтары спорттық додаларда жеңіс төрінен көрінуде. Аймақ спортшылары биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша ҚР чемпионаты мен кубоктарында 552 (175 алтын, 165 күміс, 212 қола) медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында 76 медальға (32 алтын, 24 күміс, 20 қола) қол жеткізді. Атап өту керек, бүгінде облыс тұрғындарының 38 пайызы, яғни 316 мыңнан астам адам бұқаралық спорт түрлерімен шұғылданады.
Қызылорда қаласының сол жағалауында салынуы жоспарланған «Көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы» жобасы оң шешімін тауып, республикалық маңызы бар спорт ғимаратының құрылысы басталды. Жоба құны – 6 млрд. 900 млн.теңге. Бұдан бөлек, 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының заманауи стадионының құрылысы жақын күндері басталады.
©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі