Спортшыларға құрмет көрсетті
Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күніне орай шаһар басшысы Асылбек Шаменов сала ардагерлері мен мамандарды және бірқатар сайыпқыран спортшыларды қабылдап, сый-құрмет көрсетті.
Мемлекеттің алға қойған мақсат-мүддесін, стратегиялық жоспарларын іске асыратын сол елдің азаматтары десек, ол міндетті орындау үшін бірінші кезекте ұлттың саулығы қажет. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында айрықша тоқталған болатын.
Спортшылармен кездесу жиынында қала әкімі Асылбек Шаменов «Ұлт денсаулығын бекемдеу өзекті мәселелердің бірі. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттауымыз қажет. Оның басына чемпиондар шықса, біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» дей келе, саладағы серпінді жаңалықтармен бөлісті.Айта кетейік, облыс әкімінің қолдауымен спортсүйер қауымның игілігі үшін демеушілік тарапынан Қызылорда қаласында келер жылы жаңадан жабық стадион салынады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, биылғы жылы 4 мердігер мекеменің қатысуымен «Евразия спорт» кешеніне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Осы ілкімді істердің жалғасы ретінде, қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде құны 1 млрд. 11,1 млн. теңгені құрайтын 3 спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтуға болады.
«Бүгінде біздің спортшылар шаһарымыздың спорттық айбынын лайықты түрде қорғауда. Өздерінің белсенділігімен және жоғары жетістіктерімен республикамыздың беделін әлемдік аренада көтеруге ықпал етуде. Осының барлығы Мемлекет Басшысының қолдауы, жерлестеріміздің тынымсыз еңбегі» деген шаһар басшысы Асылбек Шаменов денсаулық, күш-жігер, шыдамдылық пен сергектік мерекесімен құттықтап, қаламыздың атынан қатысып, жүлделі орын иемденген жаттықтырушылар мен спортшыларды марапаттады.