Ауыл медицинасының ахуалы
Облыста 25 фельдшерлік-акушерлік бекет бар. Оларда қандай медициналық көмек көрсетіледі, ауыл тұрғындары ауруды анықтау, дәрігердің кеңесін алу немесе қымбат ота жасау қажет болса қайда барады? Аудандық аурухананың науқастарға сапалы көмек көрсетуге шамасы жете ме? Жалпы ауыл медицинасының әлеуеті қандай? Осы сұрақтар бойынша Шиелі ауданына арнайы барған едік.
- ФАБ дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда Еңбекші ауылының дәрігерлік амбулаториясына жіберіледі. Жергілікті дәрігер тұрғындарды консультациялық-диагностикалық қызмет алуға, күндізгі және тәулік бойы стационарларда емделуге және т.б. медициналық қызметтерге жібереді. Ауылдың 118 тұрғыны диспансерлік есепте тұрады. Көбінесе жүрек-қан тамырлары ауруларымен, қант диабеті, бронхитпен ауырады, – дейді Жиделіарық ауылының фельдшері Дархан Сәрсенбаев.
- Басым айналып, есімнен танып қалдым. Содан сон құсу басталды. Қазір денсаулығым жақсы, ем қабылдап жатырмын. Менде анемия бар, бірақ диспансерлік есепте тұрмаймын. Жұмыс істеймін. Енді медициналық тексеруден өтіп, әрі қарай емделемін, – дейді ол.
- Компьютерлік томография бойынша зерттеу осы жылдың наурыз айынан жүргізілуде, қазірдің өзінде 500-ге жуық науқас тексеруден өтті. КТ тәулік бойы жұмыс істейді. КТ нәтижелерін аудандық аурухананың рентгенологы жүргізеді және КМАЖ-ге (кешенді медициналық ақпараттық жүйе) жібереді, содан кейін Қызылорда қалалық ауруханасының маманы қорытынды береді, – деп түсіндірді Шиелі аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Құрбанғалиева.
Ауданда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, қызмет сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар бар. Одан бөлек, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында да ауқымды істер жоспарланған.
Аудан халқына аудандық аурухана, Бәйгеқұм ауылдық ауруханасы, Сулутөбе ауылдық ауруханасы, аудандық емхана, жалпы тәжірибелік бөлім, 19 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық бекет, 3 фельдшерлік- акушерлік бекет қызмет көрсетеді. Амбулаториялық емханалық мекемелер бойынша барлығы 196 дәрігер, 885 орта буынды медицина қызметкері жұмыс жасайды және олар медициналық қызметтің 27 түрі бойынша мамандандырылған көмек көрсетеді. 10000 адамға шаққанда дәрігермен қамтылу 25,1.
Көпбейінді ауруханаға айналу жоспарына сәйкес ауруханамызда 6 төсектік инсульттен емдеу орталығы нейрохирургия қызметімен, инфарктпен ауырған науқастарға арналып 6 төсектік шектеулі инвазивті кардиологиялық орталық (малоинвазивный кардиологический ЧКВ центр) ашылатын болады. Аппараттармен жұмыс жасайтын нейрохирург, интервенциялық кардиолог, сурдолог, МРТ, КТ жазбаларын оқитын рентгенолог мамандарын оқытып алу жоспарда. Мұның барлығы Шиелі ауданы тұрғындарына жоғары стандартты, заманауи, сапалы медициналық ем қабылдауына мүмкіндік береді, – деп атап өтті аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары.
Айнұр БАТТАЛОВА