Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар газетінің он жылдық белесі

Жастар газетінің он жылдық белесі



Осыдан он жыл бұрын Сыр өңірінде алқалы жиындардың бірінде жастар тарапынан «төл газетіміз болса» деген ұсыныс айтылған. Көп ұзамай облыс әкімі ұсынысты қолдап, 2013 жылдың күзінде Сыр журналистикасы тарихында алғаш рет «Ақмешіт жастары» газеті жарық көрді.

Басылым алғашқы күннен бастап әрбір арнаулы бетке ой саларлық дүние жариялап, оқырман тартып тұратындай, жастардың білімін арттырып, тіл байлығын кеңейту үшін ізденген жас журналистердің еңбегі басылым бетінен-ақ сезіле бастады.
Сондай-ақ жастар басылымының журналистері оқырмандармен тығыз байланыс орнату мақсатында жыл сайын түрлі байқаулар өткізуді дәстүрге айналдырған.


Алғаш күннен-ақ өз оқырмандарының жүрегінен орын алған «Ақмешіт жастары» газеті жарыққа шыққанша биыл 10 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде басылымның аға буыны ауысып, құрамы жаңа жастармен толықты. Жастар құрамы жаңарған сайын, газеттің өз кеңейіп, сапасы көтеріліп, шығармашылығы жыл сайын артып, таралымы көбейіп, мазмұны да, айтар ойы да, беделі де көтеріліп келеді.

Сондай-ақ, басылымның қазіргі жас буынын басқарып, өзінің тың идеяларымен, шығармашылығын арттырып келе жатқан «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Мөлдір Қалымбет басылымның алға қойған мақсат үлкен екенін айтады.

− «Ақмешіт жастары» газеті – Сыр журналистикасы тарихында жас­тарға арналған тұңғыш басылым. Басылымның мақсаты айқын, аудиториясы да белгілі. Қаламы қуатты журналистер жастар ұйымдастырған іс-шараларды және жастарға қатысты мәселелерді бүкпей баяндап, көшбасшы, іскер, өз ортасында жетекші жастар жайында жазылған мақаласын оқырман қауымға ұсынды. Зияткерлік қабілетке ие, өнертапқыш жастардың жаңалығын үздіксіз жариялап, дерек пен дәйекке сүйеніп журналистік зерттеулер де жүргізді. Жетістікке жетіп, дамудың даңғыл жолына түскендердің тасада қалмай, еңбе­гінің еленуіне титімдей болса да үлес қосу, дарындының дара жолын көпке үлгі ету жастар басылымының негізгі миссиясы еді. Сондықтан артылған жүкті абыроймен атқарып келеміз деген ойдамын.

Биыл басылымның 10 жылдығын атап өтпекпіз. Газет жарыққа шыққан сәттен бастап оқырманмен тығыз байланыс орнатып, ой-пікір алмасуды тоқтатқан емеспіз. Ұйымдастырған әр байқауымызға қалмай қатысып, жарыса материал жазып жолдайтын жастардың көптігі соның айғағы. Жазуға бейім, журналистикаға қызығушылығы жоғары жастарға ылғи есігіміз айқара ашық. Қысқасы оқырманның қатары көбеюі – газетіміздің өз жұмысын жүйелі атқаруында. Осы тұста редакция ұжымы үміт пен сенімді ақтауда аянып қалмаймыз, – дейді.

– Ақпарат әлемінің маманы болуға асыққан уақытта жол сілтеген жанның бірі – әріптесім Сара Омарова еді. Сарамен уақыт өте сырлас құрбыға айналдық, бірге пәтер жалдап тұрдық. Ортақ арманымыз бар еді. Ол – тездетіп баспана бақытын сезіну болатын. Бірде жұмыстан келіп, шай үстінде «Бүгін банкке ай сайынғы жарнамды салдым, сен не қылдың? Бір уақытта үй алып, бірге қоныстой жасайтын болайық!» деген еді жымиып. Содан соң ағасы есік қағып, екеуі ауылына қарай бет алды. Содан оралмады… – деді ол.

Қазақта «Жақсы адамдар Аллаға қажет» деген жұбату сөз бар. Мүмкін, солай шығар. Десе де біз талантты да дарынды Сараның орны бос тұрғаны қиын. Себебі ол жас болғанымен халықтың сүйіспеншілігіне, әріптестердің ыстық ықыласынаа бөленіп үлгерді.
Көңілге демеу болатыны, бүгінде Сыр өңірінде Сараға еліктейтін жас жетерлік. Мұны жақында «Ақмешіт жастарының» 10 жылдығына орай Сараны еске алуға арналған байқауда байқадық. «Абай Дәулет» серіктестігінің және Сараның топтастарының қолдауымен өткен «Ең үздік жас журналист» байқауында 30-дан аса жас бақ сынады. Қатысушылар жастардың өзекті мәселесін әрқайсысы өзгеше қаузаған. Қорытынды шарада үздіктер марапатталды.

Қазылар алқасының шешімімен арнайы жүлдені «Qyzylorda» облыстық телеарнасының тілшісі Дәулет Сағит, бас жүлдені облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Биболат Сәтжан иеленді. І орын Айдар Сайлауовқа бұйырса, ІІ орынмен өңірлік коммуникациялар қызметінің маманы Нұрай Ақжігіт марапатталды. ІІІ орынды республикалық «Халық» газетінің тілшісі Азамат Абимолда еншіледі.
Шарада «Сыр медиа» серіктестігі бас директорының орынбасары Марат Аралбаев өзінің ықыласын білдірді.

– «Ақмешіт жастары» алғашқы он жылдық белесіне шықты. Басылым әлі де талай шығармашылық белестерді бағындырып, асулардан асу қажет. Бүгінгі шара да жаңашылдыққа ұмтылған басылымның аяқалысын байқатады, – деді ол. Әріптесіміз Сараның есімі мәңгі жүрегімізде» деген ой айтты. Сараның анасы Базаркүл Әлішерова да ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

– Алда мерейтой, алға жоспар көп. Бірақ шарамызды әріптесіміз Сараның есімін дәріптеуден бастағанымыздың өзі бізге жігер береді. Сараны осылай еске алып, құран бағыштап, естелік жазғаннан басқа қолымыздан ешнарсе келмейді. Бірақ, құрбым, өмірден өткеніңмен, көңілден кетпейсің, сенің жақсылық жасап, оны пұлдамайтын кіршіксіз пейілің, адамгершілігің мен ізгі қасиеттерің мәңгілік ата-анаңның, бауырларыңның, достарыңның, әріптестеріңнің, Сыр халқының жүрегінде қалады. Сөз соңында бізге қолдау білдірген Марат Сарсенбай ағамызға, Дәулет Қырдан, Аскар Тажиев әріптесімізге, Талғат Оспанұлы Тілесовке, ұжымдастарыма арнайы Алғыс айтамын, – деді облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің редакторы Мөлдір Қалымбет.
05 шілде 2023 ж. 156 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930