Астанада «Журналистер аллеясы» ашылды
Бүгін елорданың 25 жылдығына орай Астана қаласы əкімдігінің бастамасымен бой көтерген «Журналистер» аллеясының салтанатты ашылу рəсімі өтті.
Аталған аллея – қолына қалам ұстаған тілшілер қауымының, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің басын қосатын, ортақ жетістіктерімізді атап өтуге, бұқаралық-мəдени шаралар өткізетін алаңға айналмақ. Саябақта баспа саласы қызметкерлерінің құрметіне арнайы «Оқырман» мүсіні жəне тілші мен оператордың арнайы мүсіні орналастырылған.
Шараға Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырəлі, Астана қаласының əкімі Жеңіс Қасымбек, «Байқоңыр» ауданының əкімі Ерлан Жаулыбаев, еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, БАҚ ардагерлері мен құрметті өкілдері, мəдени сала қызметкерлері, елордалық мəслихат депутаттары мен жастар қатысты.
«Бүгін қазақ журналистикасы үшін тарихи сәт болды деуге болады. Елордадағы Егемен Қазақстан көшесінде Журналистер саябағы ашылды. Арнайы саябақтың ашылуы – елімізде журналистерге көрсетілген құрметтің бір көрінісі деп бағалауға болады.
Осыдан дәл екі жыл бұрын дәл осы маңда Мемлекет басшысының қатысуымен Алаш қайраткерлерінің ескерткіші ашылғаны белгілі. Сол қаламгерлер аллеясына ұласып жатқан журналистер саябағы ұлттық руханияттың сабақтастығын көрсетеді.
Журналистер саябағындағы сәнді стеллада Қазақ ұлттық баспасөзінің бағдары болған Ахмет Байтұрсынұлы мен тәуелсіз қазақ басылымдарының баhадүрі Шерағаңның бейнесі қатар орналасуы да ұлылардың ұлы жолының жалғастығын білдірсе керек.
Сондықтан елдегі белгілі басылымдар мен ақпарат құралдарының аты қашап жазылған бұл ескерткішті отандық журналистиканың жылнамасы деп бағалауға болады», – деді министр Д.Қыдырәлі.
Сондай-ақ ол осындай игі іске қолдау көрсеткен қала әкімдігіне алғыс білдірді.
«Жалпы елорданың өркендеуіне журналистер көп еңбек сіңіріп жатыр. Астанадан Алатаудан Арқаға ауғанда көштің басында Шерағаң жүрген еді. Сондықтан бұл игі іс-шара Астананың туған күніне, 25 жылдық мерейтойына арналған үлкен тарту.
Айта кеткен жөн, Егеменнің алдындағы қараусыз жатқан жерді сәнді саябаққа айналдыру идеясы осыдан төрт жыл бұрын, бас басылымның ғасырлық белесінде келген еді. Соның сәті бүгін түсіпті. Егемендіктермен бірге барша әріптестерімді құттықтаймын. Болашақта бұл сәнді саябақ барша журналистердің басын қосатын, шығармашылықтарына шабыт беретін, игі іс-шаралар өтетін алаңға айналады деп сенемін.
Осы іске қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, Жеңіс Махмұдұлына алғыс айтамын», – деді Дархан Қыдырәлі.