Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 6 млрд теңгенің электронды темекісі тәркіленді

6 млрд теңгенің электронды темекісі тәркіленді


Фото: МКК

Қытаймен шекарада орналасқан «Алакөл» кеден бекетінде 6,1 млрд теңгенің вейпі тәркіленді, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

МКК-нің Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты «Алакөл» кеден бекетінің қызметкерлері Экономикалық тергеу басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, көліктерді тексеру барысында бір рет пайдаланылатын электронды темекілерді, оларға арналған сұйықтықты және электронды темекіге керек заттарды заңсыз әкелу дерегін анықтады.

Биыл 1-6 наурыз аралағында «Алакөл» кеден бекетіне Қытайдан 8 көлік кірген. Жүкті тасымалдаушылар Кеден кодексінің 154-бабын бұзып, ЕАЭО кедендік аумағына тауарлар мен көліктердің келгені туралы Кеден органына уақытында ақпарат бермеген және тауарға құжаттарды ұсынбаған.

Бұл заңбұзушылықтар үшін тасымалдаушылар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 524, 531-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тауарлар мен көліктерді кедендік тексеру барысында жалпы салмағы 155,8 тонна болатын электронды темекі (вейп) анықталды. Мамандардың қорытындысы бойынша тауардың жалпы құны – 6,1 млрд теңге, кедендік төлемдер мен салықтардың болжамды сомасы – 1,9 млрд теңге, - деп жазылған хабарламада.

Материалдар Жетісу облысының Экономикалық тергеу департаментіне берілді.
03 шілде 2023 ж. 212 0