Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Электронды декларациялау» тәртібі қолданысқа енді

«Электронды декларациялау» тәртібі қолданысқа енді


Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «Электронды декларациялау» тәртібі қолданысқа енді. Мемлекеттік кірістер комитеті енгізген жаңа жоба «Астана-1» ақпараттық жүйесі арқылы экспорт режимі бойынша жұмыс істеуде. Бүгінге дейін мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде 189 декларация электронды өңделіп, шығарылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында департамент басшысы Серік Мұстафаев мәлімдеді.
«Жаңа жүйе бүкіләлемдік сауда ұйымының талаптарына және Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа кеден заңнамасына сәйкес сауданы жеңілдету мақсатында жасалған. Электронды декларациялау деректерді толықтай кодпен цифрландырады және өңдейді, кедендік салықтар мен төлемдерді автоматты түрде есептеп, өндіруді жүзеге асырады. Жүйені енгізудегі мақсат – мемлекеттік кірістер органдары тарапынан жүргізілетін қызмет түрлерін барынша оңтайландыру, тұрақты түрде жетілдіру, сол арқылы бизнеске қолайлы жағдай жасау», - деді департамент басшысы.
Серік Мұстафаевтың айтуынша, электронды жүйе арқылы декларацияланы өңдеу мен шығаруға 1 минутқа жуық уақыт кетеді. Көп функционалды жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. Алдағы сәуір айынан импорт режимі де элкетронды форматқа ауысады.
Баспасөз конференциясында департаменттің өткен жылы атқарған жұмысы туралы кеңінен айтылды. Өткен жылы облыс бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 89% электронды түрде тапсырылған. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 7,7%-ға артық, яғни жыл өткен сайын электронды форматта қызмет көрсету қарқыны артып келеді.
Сонымен қатар, 2017 жылы департамент тарапынан жүргізілген жұмыстың нәтижесінде бюджетке 104,7 млрд теңге түсірілген. Ұлттық қорға 100,0 млрд теңге түсім түскен, жалпы шоғырландарылған бюджетке 204,7 млрд теңге өндіріліп, көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 45,4 млрд теңгеге артты. Оның ішінде республикалық бюджеттің орындалуы 101,2% және жергілікті бюджеттің орындалуы 101,5%-ды көрсетті.
14 наурыз 2018 ж. 1 002 0