Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытаймен шекарада 10 мың жүк көлігі кезекте тұр

Қытаймен шекарада 10 мың жүк көлігі кезекте тұр

"Нұр жолы" кеден бекетінің Қазақстан жағынан Қытайға жөнелтуге 10 мыңнан астам ауыр жүк көлігі кезекте тұр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Көрші мемлекет - Қытай, өткізу пункті - "Нұр жолы", Шығатын көлік саны - 50 (49-өткізу бекетінде электронды кезекте 10 346 көлік)", - деп Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған кестеде көрсетілген.
Сондай-ақ "Бақты" бекетінде Қытайға шығу үшін 215 көлік, Өзбекстанға шығу үшін тағы 53 көлік кезекте тұрғаны айтылды: "Атамекен" өткізу бекетінде - 15, Қапланбек - 25 және Қазығұртта - 13.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті транзиттік тасымалдау департаменті басшысының орынбасары Қайрат Тәңкібаев электронды кезек жүйесінің енгізілуіне байланысты шекарада ауыр жүк көліктерінің жиналмағанын айтты.
"Қытай тарапы пандемияға байланысты өз аумағына көліктердің кіруіне шектеу қойды. Осыған байланысты Қытай жағындағы бес бақылау-өткізу пунктінің тек үшеуі ғана жұмыс істейді. Қытай тарапы күніне 100-ден аспайтын көлікті қабылдайды. Жағдайды реттеу үшін электронды кезек жүйесі құрылды. Барлық қозғалыстар электронды кезек жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Шекараның өзінде көліктердің жиналуы жоқ", - деді Тәңкібаев.
Бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесі вице-премьерімен шекарада үлкен көлемде жүктің жиналуына әкеліп соқтырған автомобиль және теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемінің төмендеуіне байланысты жағдайды талқылаған болатын. Тараптар жақын арада мәселені шешу үшін барлық мүмкін шараларды бірлесіп қабылдауға келіскені айтылды.

kaz.tengrinews.kz

03 қараша 2021 ж. 8 459 0