Нұржан Ахатов: Жүк тасымалы жүйелі болуы керек
Кездесуге аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Беркімбаев, "KAPlogistics" «Семизбай – U» ЖШС директоры Алмас Майлыбаев, "Ленци Инвесть" зауытының директоры Лу Син Фын, "Гежуба Шиелі Цемент" зауытының өкілдері және тағы да басқа жүк тасымалына жауапты азаматтар қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі жүк тасымалдаушы мекемелердің жүкті белгіленген мөлшерден артық тасымалдау деректері тыйылмай тұрғандығын айтып, "бұл заң бұзушылықтарды дереу тоқтату керек" деді. Сондай-ақ, Нұржан Ахатов жүкті мөлшерінен бірнеше есе артық мөлшерде тасымалдаудың себебінен жолдардың жағдайы күн өткен сайын нашарлап, қарапайым тұрғындардың жеңіл көліктерімен емін-еркін қозғалуына кедергі келтіріп жатқандығын да тілге тиек етті.
Мәселені шешу үшін осы жолды пайдаланып отырған бірнеше ірі кәсіпорын өкілдеріне жол жөндеу жұмыстарына демеушілік көрсету ұсынылды. Ал, жүкті мөлшерінен артық тасымалдаған жүк тасымалдаушыларына облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірге рейдтік жұмыстар ұйымдастырып, айыппұл салу жолдары қарастырылмақ.