Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ СЫР ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ БЕРУ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ СЫР ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ БЕРУ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ




Бүгін Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Жаңақорған, Шиелі аудандарында білім беру нысандарының жұмысымен танысты. Білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде мәжіліс өткізді.

Алдымен ведомство басшысы Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының жұмысымен танысып, осында білім алып жатқан «Сыр дарыны» академиясының оқушыларымен кездесті. 320 орындық орталықта 55 қызметкер бар, нысан 2011 жылы пайдалануға берілген.

М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мәжіліс өтті. Оған Қызылорда қаласы мен барлық аудандардың әкiмдерi және білім беру ұйымдарының басшылары онлайн форматта қатысты. Мәжілісте білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тәуекелдерін болдырмау туралы екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков, Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов бейнебайланыс арқылы хабарлама жасады.

Жиынды қорытындылаған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев талқыланған мәселелер бойынша өз пікірін білдіріп, Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң баға бердi. "Министрлік білім алушылардың білім сапасы бойынша мониторинг жүргізген болатын. Мониторинг қорытындысымен Қызылорда облысы республикада бірінші орынға шықты", — деп атап өтті министр.

Мұнан бөлек, Ғани Бейсембаев Жаңақорған кентіндегі № 110 мектеп-лицейін аралап, мектеп ұжымына жаңа автобустың кілтін табыстады. Айта кетейік, Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен аймақтағы ауыл мектептері 30 жаңа автобуспен толығады. Бұл балаларды мектепке және үйлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көліктер 20 және 40 орынға шақталған. Мектеп автобустарының техникалық сипаттамалары барлық талаптарға сәйкес келеді. Қауіпсіздік белдіктері, апатты жағдай туындағандағы шығу жолы, жылдамдық шектегіштер мен сәйкестендіру белгілері бар, автобуста бала қалған жағдайда белгі беретін жүйемен жабдықталған.

Әрі қарай министр Шиелі ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы № 219 орта мектепке барып, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мектеп ғимаратын аралап, асханасы мен спорт зал ішіндегі спорт үйірмелерінің жетістіктерін тамашалады. Мектеп музейін, кітапханасын және демеушілер есебінен жабдықталған акт залын аралап көрді. Білім ошағында Жаңақорған, Шиелі аудандарының педагог-шебер, зерттеуші ұстаздарымен кездесу ұйымдастырылып, саланың өзекті мәселелері талқыланды.
28 сәуір 2023 ж. 367 0