Қоғамдық кеңесте келелі мәселе қаралды
Шиелі аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында арнайы бекітілген күн тәртібі мен жұмыс жоспарына сәйкес бірқатар мәселелер талқыланды. Жиналысты кеңес төрағасы Қабілеш Бекішев бастады.
Басқосуда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндама оқыды.
Ауданда жыл басынан бері 1 млрд 922,5 млн теңгенің өнімі өндірілген.
«Биыл аудан бойынша 30538 гектарға егін орналастыру көзделген. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің үлесі – 12025 гектар. Әртараптандыру бағытында да бірқатар жұмыстар тақарылып, шаруашылықтарға суды аз қажет ететін дақылдарды көбейту насихатталды. Осыған сәйкес болжамды егіс көлеміне дән жүгеріні 173 гектарға, сүрлемелі жүгеріні 95, күнбағысты 23, мал жемдік асқабақты 194 гектарға ұлғайту межеленді. Дәл қазір шиелілік диқандар 396 гектарға жаздық бидай, 1069 гектарға мақсары, 3245 гектарға жаңа жоңышқа тұқымын септі. Жаңа жоңышқаның 130 гектары таза жоңышқа болса, қалғаны бидай, мақсарымен бүркемеленіп егілуде», – дейді бөлім басшысы.
Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек егінге қажетті дизель отынының 1 литрі 212 теңгеден саудалануда. Тұқым дайындығы, минералды тыңайтқыштар мен техникалар да науқанға сақадай сай тұр.
Келесі болып кәсіптік техникалық бағыттағы мамандар даярлау жұмысы туралы Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің директоры Мейрамхан Дүйсенов баяндады. Қазіргі таңда колледжде 400-ге жуық білім алушы болса, оның 208-і бітіруші түлектер. Жалпы жыл сайын оқу орнын аяқтағандардың 65-67 проценті мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.
«Қазіргі таңда колледжде оқытылатын барлық мамандықтар бойынша аудан көлеміндегі мекемелер және әлеуметтік серіктестіктер арасында дуальды оқытуды бірге жүзеге асыру бағытында келісімшарттар жасалған. Сондай-ақ оқу орнында өңірдегі өндіріс орындары мен шаруа қожалықтарындағы қызметкерлер мен жұмыссыздарды кәсіптік және қайта даярлау курстарынан өткізу жұмыстары ұйымдастырылуда», – деді М.Дүйсенов.
Бұдан бөлек бірнеше баяндама оқылып, қатысушылардың сұрақтары мен пікірлері тыңдалды. Кеңес барысында түйткілді мәселелерді шешу жолдары да ұсынылды.
Мәселен, «Шелі ауданы әкімдігінің жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту туралы» айтылса, Жиделіарық аулындағы атауы жоқ көшелер мен кейбір көшелердің атын өзгерту туралы, тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін бекіту секілді ұсыныстар ортаға тасталды.
Жиын соңында талқыланған мәселелер бойынша алдағы уақытта қарқынды жұмыс жасап, оң нәтиже көрсету жүктелді.