Бақыт Ұлжаев: Діни фильмдер көрудің өзі ғибадат болып саналады
Мың айдан да қайырлы сипаты бар Қадір түні 17-ші сәуірге сәйкес келіп тұр дейді мүфтият. Бұл түні жасаған құлшылықтың берекеті мол, сауабы сансыз.
Бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған қасиетті түннің «қадір» аталуының да өзіндік себебі бар. Араб тіліндегі бұл сөз «мән, маңыз, өлшем, құдірет» деген мағыналарға саяды. Түннің «Қадір түні» деп аталуын ислам ғұламалары осы түні Алла Тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни, ризық-несібесін жазатындығымен байланыстырады. Сондықтан бұл түнді құлшылықпен өткізудің маңызы орасан.
Енді «Қадір түнінің қасиеті қандай?» деген сауалға кідірсек. Біріншіден, бұл түнде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) алғашқы Құран аяты түскен. Қасиетті кітаптың «Қадір» сүресінің 1-аятында: «Расында, Біз оны (Құран Кәрімді) Қадір түні түсірдік» дейді. Екінші қасиеті – бұл түнді құлшылықпен өткізген пенденің Жаратушысы алдында дәрежесі артады, тілеген дұғасы қабыл болады. Бұл туралы үлкен ғұлама Жазайири: «Қадір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Алла Тағала оны берекелі етті. Ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ, осы түнді құлшылықпен өткізген адамға сексен үш жыл ғибадат еткеннің сауабы жазылады» деген екен. Ал үшінші қасиеті – бұл түні адамның тағдыры бекітіледі. Бұл туралы ғұлама ғалым Мужаһит: «Қадір түні – тағдыр түні. Алла Тағала бұл түні келесі жылғы осы түнге дейін кімнің ажалы жететінін, кімге қанша ризық-несібе бөлінетінін, тағы басқа да үкімдерді белгілейді» деген екен. Және бір ерекше қасиеті күнәлар кешіріледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылық ететін болса, Алла Тағала оның бұрынғы істеген барлық күнәсін, кемшіліктерін, қателіктерін кешіреді» деген екен.
Сонымен Қадір түнін қалай өткізген дұрыс? Осы тұрғыда ислам ғұламалары бірауыздан төмендегі үкімдерді дұрыс деп тапқан. Ең әуелі бұл түнде Алла ризашылығы үшін ғибадат жасап, Құран немесе намаз оқып, құлшылық сезімдерімізді арттыруымыз керек екен. Одан кейін қадірлі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтып, оның шапағатына үміт етумен қатар, үмбеті екенімізді сезініп, Алла Елшісінің хадистеріне амал еткен дұрыс деген пайым бар. Сонымен қатар адамды ізгілікке бастайтын уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуға тиіс екенбіз. «Міне, осы нығметтерді сезіне отыра үлкен мүмкіндік мезетіне алдын ала қам жасаған дұрыс», дейді облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.
«Бұл күні Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын толық шомылып, дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауы тиіс. Бұл түнді Құран Кәрім оқудан бастағанымыз дұрыс. Құранның қазақша нұсқасын оқып, ондағы жазылған аяттардың мағынасын түсінуге тырысуымыз керек. Негізі Қадір түнін лажы болса, Алланың үйі – мешітте өткізген абзал. Өйткені, үйде күткенде адам қанша дегенмен ұйқы қысып, қалғып кетуі мүмкін. Ал мешітте көпшілік құлшылық жасайды, онда уағыз айтылады, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алуына болады. Мешіттерде неше түрлі діни кітаптар бар, оларды да оқуға болады. Қадір түні үйде немесе мешіттерде діни кітап оқып, діни фильмдер көрудің өзі ғибадат болып саналады», – дейді орталық мешіттің бас имамы Бақыт Ұлжаев.
Рас, ел ішінде бұл түні Қыдыр ата келеді деп күтетіндері де бар. Яғни, дастарханды ашық қалдырып, дәм татады деп үміт күтеді. Бірақ бас имам мұны былай түсіндіреді.
«Бір ерекше айтып кететін жайт, Қадір түні Қыдыр ата келеді деп дастархан жайып, есік-терезелерді ашып қойып, ыдыстарға су толтырудың керегі жоқ. Қадір түні аспаннан періштелер түсетіні сөзсіз. Бірақ олар суға, тағы басқа нәрселерге мұқтаж емес. Өйткені, олар ішпейді де, жемейді де. Ал Қыдыр атаға қатысты айтатын болсақ, қасиетті Қадір түнімен Қыдыр атаның бір-бірімен мүлдем қатысы жоқ, екеуі екі басқа ұғымды білдіреді» – дейді Бақыт Ұлжаев.
Қадір түні жасырулы мезет. Бұл қай түні екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Тек Аллаға мағлұм. Дегенмен, дін ғұламаларының топшылауы сәуір айының 17-ші жұлдызына сәйкес келеді. Иә, Жаратқанға жақсы амалдармен жақындайтын жайдарлы сәт туғалы тұр. Ендеше, қадір түнінің қадір-қасиетін бағамдап, нығметінен құр қалмайық.