Биыл Қадір түні қашан болады және оны қалай өткізу керек?
2018 жылғы маусымның 10-нан 11-іне қараған түн – қасиетті Қадір түні. Қадір түні – Рамазан айында мұсылмандар үшін ең қасиетті түн болып есептеледі. «Мұсылмандардың сенімінше, Қадір түнінде Жәбрейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Алланың елшісі (с.ғ.с): «Шын мәнінде Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады», – деген. Сондықтан кейбір мұсылмандардың Қадір түнiнде Қыдыр атаны күтемiз деудiң ешқандай дiни негiзi жоқ. Бұл түнді бiреудi күтiп емес, аятта бұйырылған ғибадаттарды жасап, сауап үмiтiмен өткiзген дұрыс. Ал түннің барлық уақытын құлшылықпен өткізе алмайтын кісілер, түннің бір бөлігін болса да ізгі амалдармен өткізсе болады. Қадір кешінің уақыты күн батқаннан сәресіге дейін жалғасады. Бұл түннің ғибадаттарын мұсылмандар мешіттерде де, өз үйлерінде де атқара алады. Кейбір мұсылмандар Қадір түнінде түні бойы дастарқан жайып қойып, қолдарын қусырып отырумен шектеледі. Не болмаса, теледидар қарап, әңгіме айтумен өткізеді. Түні бойы көз ілмей шықсақ жеткілікті деп есептейді. Бұл да – қате түсінік. Қадір түнін өткізуде түні бойы дастарқан жайып қою шарт емес. Қасиетті түнді Алла Тағалаға құлшылық жасау, намаздарды оқу, Құран оқу, үйрену, үйрету, уағыз айту және тыңдау, шариғат үйрену, тәсбіх тарту, діни кітаптар оқу, діни фильмдер көру, мешітке келгенде дүние сөзін сөйлемеу амалдарын орындау арқылы өткізу керек», – делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінде. Еске сала кетейік, биылғы Ораза 14 маусымда аяқталады. Сондай-ақ Діни басқарма төралқа мәжілісі мүшелерінің шешімімен биылғы пітір-садақа мөлшері 300 теңге болып бекітілген болатын. Пiтiр-садақаны Рамазан айының басынан Айт намазына дейiн беруге болады. Ал Ораза айт 15 маусымда басталады.
24.kz
24.kz