Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қош келдің, рамазан!

Қош келдің, рамазан!

Рамазан – адалдық пен ықылас айы. Шынайы иман келтірген адам оразасын жаратушысына арнайды. Сондықтан болар, рухымызға азық-нәпсімізге тыю болатын сауабы мол рамазан айын әрбір мұсылман асыға күтері сөзсіз.
Қасиетті айдың құрметіне Жиде­лі­арық ауылдық клубының ұйымдас­тыруымен ауыл тұрғындарына «Қош келдің, рамазан!» атты рухани-танымдық кеш өткізді. Бұл ай – мұсылман қауымы үшін бір-біріне игі тілек айтып, шынайы дұға қылатын ізгілік айы болғандықтан, ауданның бас имамы Рахат қажы Ахметов қасиетті айдың қарсаңында ізгі тілектер білдірді. Оразаның ең үлкен пайдасы – адамды сабырлы болуға үйрету, сонымен қатар, ауыз бекіткен кісіні төзімділікке баулып қана қоймай, оразаның ерекшелігі мен қадір-қасиетін нақтылап айтты бас имам. Хадис шәріпте «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы» делінген. Яғни, оразамен аштыққа, шөлге тағы басқа түрлі ауыртпашылықтарға шыдай алған адам тосын жағдайлардан кедергісіз шыға алады.
Сондай-ақ, аудандық ішкі сая­сат бөлімінің теолог маманы Қожахмет Дінмұхаммедұлы да оразаның пайдасына тоқтала кетіп, ауыл тұрғындарын рамазан айымен құттықтады. Оразаның медицина тұрғысынан да пайдасы мол екенін тілге тиек етті. Біріншіден, ораза ағзаның иммундық жүйесін күшейтеді. Екіншіден, семіздік пен оның салдарынан сақтайды. Үшіншіден, бауырда тастардың жиналуынан, қуық жолдарында зәр тұздарының түзілуінен сақтайды. Төртіншіден, жыл бойы үздіксіз тамақтану, дәрі-дәрмектер ішу мен ластанған ауа салдарынан денедегі жасушаларға тұрып қалатын қатерлі улағыш заттарды шығарады.
Рамазан айының қадір-қасиетін танытуға арналған кеште көрініс қойылып, ән айтылып, бейнебаян көр­сетілді.


Жұлдызай
Ноғайбайқызы.
19 мамыр 2018 ж. 3 040 0