Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінің мешіттерінде алғашқы тарауих намазы оқылды

Сыр өңірінің мешіттерінде алғашқы тарауих намазы оқылды

Сыр өңірі мешіттерінде мұсылмандардың асыға күткен Рамазан айының алғашқы түніндегі тарауих намазы жоғары деңгейде өткізілді.
Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде Өкіл имам Болатбек қажы Ұласқанұлы алдымен барша жамағатты мүбарак Рамазан айымен құттықтап, аталмыш айдың қадір қасиеті жайында уағыз айтты.
Уағыз соңында қасиетті айдың құрметіне күн сайын жамағатқа арналып ауызашар дастарханы жайылатынын және өкілдік тарапынан ұйымдастырылатын шаралардан, нақтырақ айтқанда:
1. Облыстық деңгейде «Ең алғашқы оразам» шығармашылық бәйгесі;
2. Мешіт шәкірттері арасында Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқудан;
3. Имам Науаидың 40 хадисінің қазақша аудармасын жатқа айтудан;
4. Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірбаянынан интеллектуалдық сұрақ-жауап;
5. Ауызашар уақытында сұрақ-жауап сайыстары болатынын және жүлделі орындарға сыйлықтар берілетінін жариялады.
Сонымен қатар, тек «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде ғана емес, облыс көлеміндегі барлық мешіттерде оразаның құрметіне түрлі шаралар өткізу жоспарланып жатқанын және де Қалалық «Айтбай», «Нұр» мешіттерінде Түркия мемлекетінен шақыртылған 2 қари, қалған мешіттерде жергілікті қарилар тарауих намазын өткізетінін хабарлады.
Өкіл имам жамағатпен бірге рамазанға аман-есен жеткізген Алла Тағалаға шүкіршілік айтып, ел тыныштығы мен ынтымағы үшін, баянды болашағымыз мен тұрақтылығымыз үшін дұға етті. Намаздан соң қатысқан жамағатқа құрма таратылып, ерекше көңіл-күймен тарқасты.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мештінің баспасөз қызметі
17 мамыр 2018 ж. 1 320 0