Топтық төбелеске тоқтам керек
(Фото: sputnik.kz сайтынан алынды)
Қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптың бірі – жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуі. Өткір де өзекті осы мәселенің алдын-алу үшін апта басында аудан басшысы Нұржан Ахатовтың қатысуымен жедел жиын өтті.
Басқосуға аудандық мәслихат депутаттары, полиция бөлімінің қызметкерлері, білім бөлімінің мамандары, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты.
Жедел жиында аудан әкімі аймақ арасында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың топтық төбелесі белең алып тұрғанын айтты. Сонымен қатар, мектеп жасындағы балалардың беймезгіл уақытта көшеде жүріп, қылмыстық әрекетке баратындығын тілге тиек етті.
Жиын барысында аудан басшысы топтық төбелестің, қылмыстық іс-әрекеттердің қайталанбауы үшін барлық сала мамандары мен құрылымдар бірігіп жұмыс атқару керектігін айтты. Бұдан бөлек, арнайы рейдтік шаралар мен түсіндірме жұмыстарын күшейту керектігін ескертті.
Мұнан соң аудандық мәслихат депутаттары да жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа байланысты өз ұсыныстарын жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша жасөспірімдердің беймезгіл уақытта көшеде жүруі, түрлі қылмыстық әрекетке бармауының алдын алу мақсатында екі айлық рейд жүргізілетін болды.