Жылына екі рет ағза тазалаңыз
Рамазан айы басталғанша біраз шаруаны реттегіміз келеді. Бірақ денсаулық жағдайын тексеруді кейінге қалдырып жатамыз. Ал мұның ағзаға тигізер зияны көп. Дәрігердің айтуынша, ораза кезінде ұйқы безі мен асқазан ауруына шағымданып, емхана жағалайтындар көп. Сайып келгенде, бәрі оразаны дайындықсыз бастауға келіп тіреледі. Осы мәселелер жайында терапевт-дәрігер Назира Молдабекқызының кеңесіне құлақ түрген едік.
Иә, көпшілік Рамазан айы жақындағанда «менде созылмалы сырқат бар, анемия, панкреатит немесе гастрит болса ораза ұстауға бола ма?» деп жатады. Айтарым, оразаны алдын ала дайындықпен бастау керек. Анемияны емдеп, дефициттерді толтырып, бойыңыздағы ауруды емдеңіз. Созылмалы сырқат барлығында бар. Егер ары қарай өршу болмаса, ораза ұстауға болады. Бізде дайындықсыз ауыз бекітеді де, керісінше ауру асқынып жатады. Мысалы, қант диабеті кезінде ауыз бекітуге болмайтыны айтылады. Компенсацияланған түрі болса, ораза ұстауға рұқсат. Ал бірінші типі кезінде инсулинге тәуелді болған соң ауыз бекітуге рұқсат жоқ. Алдымен дайындықты дәрігерге қаралудан бастаңыз. Аз дегенде бауыр, өт пен ұйқы безін ультрадыбысты тексеруден өткізіңіз. Егер бұдан бұрын дәрігер қабылдауында болып, дәрі ішіп жүрген болсаңыз, тәулік ішіндегі уақыты мен дозасын бекітіп алыңыз. Айта кетерлігі, оразаға дейін реттейтін нәрсе – ұйқы. Яғни, ағзаңыз шаршап, ұйқы жетіспей жүрген болса, ораза ұстау қиын. Сондықтан белгілі бір режимді ұстап үйреніңіз. Рамазан айы келгенде, азық-түлік алып, барынша дайындалыңыз. Рационда пайдалы көмірсу, май, ақуыз болмаса, керісінше ораза кезінде ауру асқынады. Байқасаңыз, ораза басталған бір апта ішінде емханаға ұйқы безіне, асқазан ауруына шағымданып келетіндер көп. Дені сәресіге су ішіп, ауызашарда жоқтан өзгені ішіп-жейтіндер.
Оразаға дайындық керек
Оразаның тек сауап жинау үшін емес, медициналық тұрғыдан да пайдасы орасан зор. Бірақ тамақтану рационы дұрыс болмаса, ауру асқынып кетеді. Бұл – дәлелденген факт. Сол үшін тамақтануға аса мән берген абзал. Әсіресе, сәресі кезінде тамақ барынша құнарлы болғаны жөн. Күні бойы энергияның дұрыс жұмсалуы үшін рационда бірінші кезекте май мен ақуыз керек. Көмірсу тапшылығынан гөрі ағзада алдыңғы екеуінің азы байқалады. Май мен ақуыз жеткілікті болса, тоқ жүресіз. Бұл қандағы қанттың деңгейін бірқалыпты ұстап тұрады. Ал тамақтанудың көп бөлігі көмірсудан тұратын болса, тез ыдырап кетеді де адамның қарны аша береді. Әсерінен бас айналу, әлсіздік, қан қысымы төмендеп кетуі мүмкін. Ауызашар сәресіге қарағанда неғұрлым жеңіл болғаны дұрыс. Көбінесе, сорпа ішіп, салат жеген пайдалы. Айталық, ауызашарға барғанда тамақты талғап жеңіз. Өйткені дастарқанда тәттіден бастап, ауыр тамақ түрлеріне дейін самсап тұрады. Содан өзімізді шектей алмай жатамыз. Осы тұста қандай тамақ жеуге болып-болмасын саралайтын білім керек. Мәселен, оразаның алғашқы күні ағзамызда тамақ қоры жеткілікті болған соң жеңіл өтеді. Қалған күндері де сергек жүру үшін төмендегі қателіктерді жасамаңыз. Тамақты зиянды майға қуырмай, пайдалы май қолдануға тырысыңыз. Сәресіге дейін ұйықтамай жүру де ағзаға зиян. Ұйқы режимін сақтау – міндет. Одан қалса сәресіге кеш тұрып, асығыс-үсігіс тамақтанып немесе мүлде тамақтанбау организмге соққы. Ауызашар уақытында бірден тамаққа бас қоюдың да кері әсері бар. Тойып тамақтанып, артынша газды сусын ішсеңіз, жағдайды тіптен қиындатып аласыз. Ауызашардан кейін қимыл-қозғалыссыз жату, бірден ұйықтап қалу дұрыс емес. Одан бөлек, күнделікті су ішу нормасын орындауды ұмытпаңыз. Жеміс-жидекті аз немесе көп жеудің де аралығы бар. Ешкі сүті, айран, шұбат, қымыз сияқты пробиотикке бай сүт өнімдерін рационға қосыңыз. Тәттіден бас тартып, ауызашар уақытында көк шөпті, жеңіл қорытылатын тағам тұтыныңыз.
Уақытылы ұйқы да ем
Негізі, оразаның қалай өтуі ауыз бекіткен адамға байланысты. Жоғарыда айтқанымдай, кейбірі ораза кезінде ауруын асқындырып алуы мүмкін. Кейбірі тазарып, жеңілдеп қалғанын айтады. Екі жағдайда да ағзаны тазалап, детокс жасаған дұрыс. Себебі ашығуға әбден үйренген ағза тазалануға сақадай-сай тұрады. Ал ағза тазалау – көптеген ауруға оң әсер беретін процесс. Сол үшін жылына екі рет детокстан өтсеңіз, денсаулық кепілі болары анық. Осындайда оразадан кейін ағза тазалайтын болсаңыз, екі есе жақсы нәтижеге жетесіз. Біріншіден, ораза кезінде аутофагия процесі іске қосылады. Ағзада патогенді паразиттер, кандида, шартты патогенді флора өледі. Өлген кезде ағзаға көп мөлшерде токсин бөлінеді. Осы токсин ағзадан шығуы үшін мейлінше детокс курсынан өткен абзал. Ауры асқынып кеткен адамдар детокс кезінде үш уақыт тамақтанады. Бірақ бұл жерде жейтін тамақ түрі өзгереді. Тағам ем-дәрі сияқты әсер етеді. Көпшілік дәрі ғана организмді емдейді деп ойлайды. Организмді дұрыс ұйқы да емдейді. Уақытылы, мөлшермен су ішу де ағзаға көмек. Режим дұрыс болса, ем тез әсер етеді. Жалпы, детокс процесі бауырда жүреді. Оның үш фазасы бар. Негізі, адам ағзасына сырттан түсетін токсин түрі көп. Токсиндер ағзаға ауа, су, зиянды тамақ, химиялық зат пен киім арқылы түседі. Осыны тазалау үшін бес канал іске қосылады. Олар – тері, бүйрек, бауыр, өкпе мен ішек. Дегенмен токсин мөлшері көп болған соң, аталған бес каналдың да шамасы жетпей жатады. Осылайша, зиянды тамақ ішекті зақымдап, қабырға өткізгіштігін бұзады. Токсин жиналған соң, ішек бүрлерін зақымдайды. Қанға өткен токсин иммунды клетканы бұзады. Ішектің мимен байланысын сараптасақ, бұл ойлау жүйесіне кері әсер етеді. Сондықтан белгілі бір мерзімде ағзаны тазалап тұруы керек. Сәйкесінше, детокстың бірінші аптасында ағза токсиннен тазарады. Екінші аптада организмде бұрыннан жиналып қалған токсинді «жібітіп», сыртқа шығарамыз. Үшінші аптада қайтадан ағзаны қалпына келтіреміз.
«Өтім толды» дейміз-ау...
Ал тюбаж – өттің іркілісін емдеуге, ағзадағы токсинді шығаруға, бауыр өзекшелерін тазалауға арналған емдік шара. Бұл екі жолмен іске асады. Біріншісі, зондпен арнайы клиникада, шипажайда жасалады. Екіншісі, дәрігер бақылауымен үй жағдайында жасалады. Тюбаж кезінде ағзадан ермексаз тәрізді жасыл зат шығады. Ол – өт тазарғанының белгісі. Сондықтан детокс кезінде арнайы көрсетілімі бар науқасқа тюбаж жасатамыз. Айта кетерлігі, көп адамның тюбажға қарсылығы бар. Тюбаж дәлелі медицинада дәлелденбеген деп қарсы шығып жатады. Бірақ бұл дәстүрлі емес, медицинаға жатады. Мұның шынымен де эффектісі бар. Тюбаж – өте күшті процедура. Қысқа уақыт ішінде ағза тазалаудың басқа жолы жоқ. Басқа жолын таңдасаңыз, ұзақ уақыт препарат қабылдауға тура келеді. Бұл шамамен 3-6 ай уақыт алады. Оның үстіне, бауыр мен өтке арналған дәрі қымбат тұратыны тағы бар. Көпшіліктің уақытылы дәрі ішпейтінін де қосыңыз. Қызығы, «өт толған» деген диагноз қойса, бәрі қалыпты жағдай сияқты қабылдайды. Шынтуайтына келгенде, өт толғаны – ағзаның уланып жатқанын «айтып», дабыл қаққаны. Уланып жатқан соң ағзада түрлі сырқат дамиды. Мысалы, аутоиммунды аурулар, онкологиялық аурулар қайдан шығып жатыр? Оның түп тамыры осы жерде жатыр. Егер адам жас кезінен бастап организмін күтетін болса, қатерлі дерттің алдын алуға болады. Әрине, ешкім сақтандырылмаған. Десе де адам қаншалықты шамасы жетсе, соншалық денсаулығын күткені абзал.
Мәселен, детокс кезінде элиминациялық диета ұстаймыз. Тамаққа шектеу болады. Жеген тамақтың бәрі ағзаны емдеуге бағытталады. Расымен, үнемі ағзаны тазалап тұрса, өт толмайды. Егер де ағзаны тазалап, одан кейін қосымша препарат қабылдап, рационнан зиян өнімдерді алып тастаса, аллергия өршімейді. Ал енді бір рет детокстан өтіп «аллергиядан құтыла аламын ба?» деп сұрайтындар жетерлік. Детокс біткесін қалай болса, солай тамақтанатын болса, қайтадан аллергия басталады. Айтарым, өзіңмен күрес өлгенше. Денсаулық үнемі еңбекті талап етеді. Бір рет ағзаны тазалап тастап, түн жарымында ұйықтап, чипсы мен шоколад жеуді жалғастырсаңыз бұрынғы қалыпқа түсесіз. Жалпы, тәжірбиемде детокстан өткендер зиян тамақтан бойын аулақ ұстай бастайды. Пайдалы, сауатты тамақтануға тырысады.
Интервалды ашығудың пайдасы
Өз басым аптасына екі рет интервалды ашығу жасаймын. Себебі ашығу кезінде аутофагия процесі жүреді. Аутофагия сөзі auto – «өзін», phagy «жеу» деген мағына білдіреді. Яғни, ағза қызметін жойған өлі клеткаларды өзі тазартады. Егер өлі клеткалардың титры жоғарылап кететін болса, түрлі ауруға әкелуі мүмкін. Аутофагия процесі іске қосылуы үшін ашығу уақыты сегіз сағаттан жоғары болғаны дұрыс. Уақытына байланысты интервалды ашығу 20/4, 16/8, 4/10 болып бөлінеді. Мысалы, 16/8 ашығуды алсаңыз, таңғы асыңыз сағат 8-де болса, келесі тағамды 16:00-де қабылдайсыз. 16 сағат аш жүресіз. Осы уақыт аралығында суды көбірек ішкен дұрыс. Себебі ашығу кезінде ағзада зиянды бактерия, паразит, кандида өледі. Сәйкесінше, өлген кезде көп токсин бөледі. Осы токсиндерді шығару үшін судың мөлшері көп болғаны жөн. Интервалды ашығу инсулинрезистенттіліктен, артық салмақтан арылуға жақсы көмектеседі. Өйткені біз ашыққан сайын клетканың инсулинге сезімталдығы артады. Интервалды ашығуды аптасына екі рет, тіпті күнде қолдануға болады.
Жалпы, медицина дамыған сайын бұрын зиян деген нәрсе қазір пайдалы болып жатыр. Немесе керісінше бұрын пайдалы деп келгеніміз, қазір – зиян. Бұл – заңдылық. Жалпы, тамақты түтіндеу нүктесі жоғары майда дайындаған дұрыс. Оған ГХИ майы, жануар майы, құйрық май, малдың іш майы, тауықтың майы, қаздың майы жатады. Ал басқа өсімдік тектес майлар күнбағыс, зәйтүн майының түтіндеу нүктесі төмен. Өйткені жоғары температураға жеткен кезде қандай да бір өзіне зиянды заттар бөле бастайды. Айтарым, дұрыс тамақтану – ағза саулығының кепілі. Біразы қымбат деп жатады. Байқасаңыз, бәліш алуға жұмсайтын бес-алты мың теңгеге бірнеше келі көкөніс пен жеміс сатып алуға болады. Әрине, таңдау – өзіңізде.
Жазып алған
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ