Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Карантин кезінде ораза ұстауға бола ма?– ҚМДБ жауап берді

Карантин кезінде ораза ұстауға бола ма?– ҚМДБ жауап берді


Күллі мұсылман үшін қасиетті Рамазан айының басталуына 17 күн қалды. Коронавирустың кең таралғанына қарамастан биыл ораза ұстап, ауыз бекітемін дейтіндердің қатары артпаса, кемімейді дейді ҚМДБ мамандары. Бұл туралы 
31 арна хабарлайды.
Ал, иммунитет әлсіресе, қатерлі вирус ешкімді аямайды деген дәрігерлер халықтың денсаулығы үшін кәдімгідей алаңдаулы. 
Ақтілек Ибрагимов вирустың белең алғанына қарамастан оразаны тоқтата тұрудың еш себебін көрмейтінін айтады. Қазір үйде отырып, сүннет оразасын ұстап отыр. Алдағы Рамазан айында бес парызды орындауға да ниетті.
«Биыл он екінші жыл ораза ұстап жатқаныма. Алла адам баласына көтере алмайтын жүкті бермейді. Сондықтан ораза ұстауға еш кедергі жоқ деп ойлаймын», – дейді ол.
ҚМДБ өкілдері өзіне сенімді болса, ораза ұстауға болатынын айтты. Тіпті қазіргі карантин уақытында үйде отырып ораза ұстаған әлдеқайда жеңіл деп отыр. 
«Сәресі дайын, тамақ жасайтын адам бар, бәрі үйінде отырғанда ораза ұстаушылар қатары көбейеді деп ойлаймын. Бұл нағыз ораза ұстайтын уақыт», – дейді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов. 
Ал, дәрігерлер сәресі мен ауызашарда дәрумендерге бай толыққанды пайдалы тағамдар жесе ғана, ағзаның иммундық жүйесін түсірмеуге болатынын айтады. Әсіресе, қант диаеті, өкпе, демікпе, қан қысымы жоғары адамдарға ораза ұстауға кеңес бермейді. 
«Ағзаның 16 сағат бойы аш болуы, ағзаға қосымша күш түсіреді. Оған қоршаған ортадағы стресті қосатын болсақ, сонымен қатар қосымша ауруы бар науқастарға дәрігер ретінде ораза ұстауға кеңес бермес едім», – деді дәрігер-диетолог Нұрбану Қанатқалиқызы. 
Биыл денсаулығы әлсіз адамдарға ораза ұстау керек пе, жоқ па оны ашып айтаты пәтуалар әлі айтылған жоқ. Ғұламалар вирусты тоқтатуға көмек болу үшін Жұма намазын тоқтатқандай, ораза ұстауды тоқтатпаймыз деп отыр. Дегенмен діни мамандар арнайы мәтін дайындап жақында жариялайтындарын ескертті.
11 сәуір 2020 ж. 935 0