Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ораза кезінде темекі шегіп, бетке опа-далап жағуға бола ма: Мүфтият жауап береді

Ораза кезінде темекі шегіп, бетке опа-далап жағуға бола ма: Мүфтият жауап береді

Оразаны бұзбайтын жағдайлар жайлы айтылып та, жазылып та жатқанымен, ауыз бекітуге қатысты туындап жатқан сұрақтар легі толастар емес. Stan.kz ақпараттық агенттігі ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі, имам Алтынбек Ұтысханұлымен сұхбаттасып, оразаға қатысты көпшіліктің көкейін мазалаған сұрақтарды қойып, жауап алды.


Алтынбек, алдыңғы оразадан осы оразаға дейін қарызын өтей алмай қалған адамдар және қарызы бар екенін ұмытып кеткен адамдар не істей алады? Өтелмей қалған қарыз оразаларын жаба алады ма? 
Бұрын өтей алмаған қаза (қарыз) оразаларын парыз болған адам Рамазан айынан кейін өтеуі керек. Яғни бірінші Рамазан айының оразасын ұстап кейін айтты өткізіп барып, қаза оразаларын ұстайды. Өйткені қарыз оразаларды өтемейінше мойнынан парыз түспейді. Алайда қарыз оразаларды мүмкіншілігіне қарай бөліп-бөліп ұстауға болады. 
Беттен сүйіп амандасқанда ораза бұзылады ма? 
Беттен сүю оразаны бұзбайды. Алайда бөгде ер мен әйел адамдардың бетінен сүйіп амандасуды шариғат құптамайды. 
Ауыз ашқаннан кейін кейбіреулері темекі шегеді. Оразада темекі шеккеннің айыбы жоқ деп ойлайтындар бар. Сол кісілерге берер жауабыңыз. 
Темекі шегудің шариғаттағы үкімі – мәкруһ тахрим. Демек харамға жақын жағымсыз іс. Өйткені темекі адам денсаулығына өте зиянды. Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», - деп бұйырған («Бақара» сүресі, 195-аят). Сондықтан ораза адамды тәрбиелеуі тиіс. Ораза тұту арқылы темекі секілді жаман әдеттерден арылуға үлкен мүмкіншілік бар. 
Ораза кезінде бетке опа-далап, крем жағуға бола ма? 
Ораза кезінде бетке опа-далап жағу оразаны бұзбайды. 
Ұшақтағы адам ауызашар уақытын қалай анықтайды? 
Ұшақтағы адам ауызашар уақытын күннің батуына қарап, жан-жақты күннің батқанын анықтап барып ашады. Ал жергілікті бекітілген намаз және ораза кестелері жер бетінде тұратын адамдарға арналады. 
Екіқабат әйелге оразаны ұстау шарт па?
Ораза тұту жүкті әйелдің өзіне немесе ішіндегі баласына зиян болса, ораза ұстамайды. Мұндай жағдайда білікті маманның (дәрігердің) кеңесіне сүйену керек. Егер де кейінге қалдырса, яғни уақытында ораза ұстамаса қазасын кейін өтейді. 
Рамазан айында жыныстық қатынасқа түсуге бола ма? 
Таң атқаннан бастап күн батқанға дейін жеп-ішуге, жыныстық қатынасқа түсуге болмайды, оразасы бұзылады. Бірақ ауыз ашқаннан кейін некелі жандарға рұқсат етіледі. 
 
Естеріңізге сала кетейік, мүфтият осыған дейін қоғамда пікірталас тудырған "ифтар" және  "ауызашар" сөздеріне қатысты түсініктеме беріп, даулы мәселенің нүктесін қойған еді. 
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

23 мамыр 2019 ж. 1 445 0