Астанада наурызкөже дайындау бойынша рекорд орнатылды
Астанада Наурыз мерекесіне орай әзірленген ұлттық тағам бойынша рекорд орнатылды.
Елорда әкімдігінің хабарлауынша, мереке күні 2 100 литр көлемінде наурызкөже дайындалды. Қазақстан рекорды орнатылғанын куәландыратын сертификат Астана әкімдігіне және Байқоңыр ауданының әкімдігіне берілді.
Ұлттық дәмді дайындауға аспазшылар бір күнін арнаған. Оған жүздеген келі бидай, күріш және ет жұмсалды. Кейін дайын өнім Ататүрік саябағына келген жұртшылыққа ұсынылды.
«Екі тоннадан астам наурызкөже — абсолютті рекорд. Бұрын бұл көрсеткіш түркістандықтарға тиесілі болатын. Екі жыл бұрын олар 2 мың литр наурызкөже пісірген. Бүгін бұл рекорд ресми түрде жаңартылды», — деді Гиннесс рекордтары Қазақстан өңірлік кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Аспазшы Гүлнәр Жұмабекованың айтуынша, наурызкөже көлемі 60-тан 150 литрге дейінгі бас-аяғы 10 қазанда дайындалған. Ал осыдан кейін олар 95 литр болатын 20 ыдысқа құйылды.
Еске салайық, мереке күндері елорданың саябақтары мен алаңдарында Наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр.