Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Para Powerlifting–2019. Елордада 3 әлемдік рекорд жаңарды

Para Powerlifting–2019. Елордада 3 әлемдік рекорд жаңарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде алғаш рет өткізіліп жатқан пара пауэрлифтинг бойынша әлем чемпионатында 3 әлемдік рекорд жаңарды. Бұл туралы Ұлттық паралимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.


«13 шілде күні жарыстың алғашқы күні бірден екі әлемдік рекорд орнатылды. А тобында 41 кг салмақ санатындағы әйелдер арасында Қытайдың CUI Zhe есімді зілтемір шебері 101 кг салмақты оңай көтеріп, әлем чемпионатының алғашқы рекордын орнатты. Дәл сол күні 45 келіден асатын орташа салмақтағы Аспанасты елінің тағы бір өкілі GUO Linging 118 кг нәтиже бойынша екінші рекорд орнатып, әлемді таңқалдырды. 17 шілдеде, А тобында, 79 кг салмақ санатындағы әйелдер құрамында Нигерия өкілі Омолайо Бозе 142 кг нәтижесімен әлем рекордын жаңартты», - делінген хабарламада. 


Аталған 3 әлемдік рекорд әйелдерге тиесілі. Ерлерге арналған рекордқа келер болсақ, жарыстың екінші күні 54 келі салмақ дәрежесінде 189 келі зілтемір көтеру арқылы Кривул Владимир (Ресей) еуропалық рекордты жаңартты.


Өкінішке қарай, қазіргі таңда Қазақстан құрамасы жүлделі орындарға ие бола алмады, дегенмен «Токио-2020» Паралимпиада ойындарына 2 жолдама алды.
18 шілде 2019 ж. 516 0