Көктемнің басы – көрісу
Араздасқан достасып, салқын сезімнен қоштасатын қауышу күні биыл аудандық мәдениет үйі алдында ерекше аталып өтті. Жиылған жұрт құшағын айқара ашып, бір-бірін жаңа жасымен құттықтады. Шиелі жұртшылығы үшін осы мерекеде айтылған ізгі тілектер мен үлкендердің ақ батасы жаңа үміт пен жігер сыйлады.
Бұл күні Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінің алдында сонау сақтар заманынан, Тұмар патшайым дәуірінен бері жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүр насихатталды. Игі шараны аудан өнерпаздары ұйымдастырды.
Бұл күні Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінің алдында сонау сақтар заманынан, Тұмар патшайым дәуірінен бері жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүр насихатталды. Игі шараны аудан өнерпаздары ұйымдастырды.
Өнерсүйер қауым мәдениет үйінде бас қосып, көрісудің көркін келтірді. Шара барысында жиналғандарды мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов:
– Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Бұл күні адамдар бір-бірімен кездеседі, ренжіткен жерлері болса кешірім сұрайды. Сіздерге бақыт, амандық тілейміз, елімізде бейбітшілік пен молшылық болсын, – деді.
Одан соң мерекеге жиналған жұрт арасында «көже тауысар» ойыны ойнатылды. Әйелдер мен ерлер қол күрестен бақ сынаса, кейін мерекелік шара қайны мен жеңге арасындағы күреспен жалғасын тапты. Одан бөлек қонақ кәде секілді түрлі қазақы дәстүрлермен әдемі кештің әсері арта түсті. Барлық белсенді қатысқандар ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықсыз қалмады.
Думанды кештегі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке көктем әсерін сыйлады. Сондай-ақ мерекеге жиналған жұрт арнайы тігілген шатырда отырып, наурыз-көжеден дәм татты. Мәдениет саласының ардагері Исабек Байкенжеев ақ батасын беріп, сала қызметкерлеріне шығармашылық табыс тіледі.
Көрісу күні – Наурыз мейрамының басы. Жұрт көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілесіп, қыстан аман-есен шыққанын айдың соңына дейін тойлайды.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ