Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс айту – адамзаттың асыл қасиеті

Алғыс айту – адамзаттың асыл қасиеті


Алғыс айту күні елімізде соңғы 5 жылда тойланып келе жатқан мереке. Бұл мейрам «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамыту арқылы қазақстандық құндылықтарды айқындайды. Биыл да дәстүр жалғасып, алғыс айту күні көктемнің алғашқы күні тойлануда. Мерекеге орай Шиелі аудандық мәдениет үйінде «Алғыс айту – адамзаттың асыл қасиеті» атты іс шара өтті.
Іс шарада алдымен аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов құттықтау сөз сөйледі. Аудан әкімінің орынбасары құттықтау сөзінде әрбір аудан азаматына алғысын білдіріп, бұл мерекенің еліміз үшін маңызы ерекше екендігін айтты. Сонымен қатар Алмасбек Есмаханов пандемия кезінде қызмет еткен әрбір қызметкерге, өзге ұлт өкілдеріне, белсенді жастарға рақмет айтып, аудан әкімінің құттықтау сөзін жеткізді. Одан әрі 20-дан астам ауданымызда түрлі салада қызмет атқарып жүрген азаматтар алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтсақ, №10 Олимпиядалық резерв мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің бас­кетбол бөлімінің жаттықтырушысы ­Алексей Когай, электромеханик Алмагүл Қуанышбайқызы, Шиелі аудандық №13 Өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті, азаматтық қорғау кіші сержанты Насибуллина Мариям, электромеханик Андрей Борисович секілді түрлі ұлт пен кәсіп өкілдері марапатталды.
Марапаттау аяқаталған соң шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Алдымен LED экраннан Шиеліде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің алғысы мен тілегі жинақталған бейне көрсетіліп, қаралпақтың «Бахар», өзбектің «Бухаер» әні мен бірнеше қазақ әндері орындалды. Сонымен бірге түрлі ұлттың билері орындалып, кештің көркін ашты. Концерттік бағдарламаның соңында орыс ұлтының өкілі Татяна Серікбаевна шығып барша жиылған жұртқа, қазақ еліне алғысын айтты. Татяна өз сөзінде «Армысыздар Шиелі тұрғындары, жерлестерім. Ең біріншіден алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақ халқы қашанда достық пен татулықты, шыдамдылық пен төзімділікті ту ете білді. Соның арқасында біздің тәуелсіз елімізде бір шаңырақ астында ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүруде. Ұлтым орыс болғанымен мен қазақ жерінде еркелеп өстім. Сондықтан мен өз туған жерімнің тарихын, мәдениетін, тілін білуім азаматтық парызым деп білемін. Қазақстан құшағы ыстық, құлашы кең, байтақ өлке. Бірлік бар жерде тірлік бар дейді дана халық. Бұл тегіннен тегін айтылмаса керек. Біздің еліміз тыныш, аспанымыз ашық, менің соған алғысым шексіз. Осындай бақытты, тыныш елде өмір сүргенім үшін мен еліме алғыс айтамын», ­– деп қазақ тілінде тілегін білдірді. Кеш соңында «Атамекен» әні шырқалып, барша жұрт түрегеліп тұрып құрмет пен қошемет көрсетті.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
01 наурыз 2021 ж. 679 0