Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт ұстыны – салт пен дәстүр

Ұлт ұстыны – салт пен дәстүр

Наурыз – мереке мен берекенің айы. Хакім Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, Шаруа қуған жастардың мойны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып» деген сөзі көрісу күнінің мәнін одан әрі айшықтай түсетіндей.
Сенбі күні Еңбекші ауылдық мәдениет үйінде 14 наурыз көрісу күніне орай «Амал жасап, жарысайық» атты мерекелік шара өтті.
Клуб үйінің қызметкерлері ұйымдастырған кешке Еңбекші ауылдық округінің әкімі Бағдат Серікбайұлы, ауылдық мәдениет үйінің директоры Дайыр Қалымбетов, ауыл ақсақалдары мен ақжаулықты аналар қатысты.
Шара барысында ауыл әкімі Бағдат Серікбайұлы сөз сөйлеп, меймандарға жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ауыл үлкендерінің басын қосып, мерекелік шараның өтуіне мұрындық болған жандарға ерекше алғысын жеткізді.
Кеште Еңбекші ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері өнер көрсетіп, тұрғындардың жүзіне күлкі ұялатып, көңілдерін көтерді. Сонымен қатар «Асыл әжелер» атты ансамблі ән салып, кешті одан әрі әрлендіре түсті. Қала берді ауыл келіндері домбырамен ән шырқап, енді бірі ұршық иіріп, көрісуге келген меймандарға қолдан жасалған бұйымдарын көрсетіп, ауыл үлкендерінің алғысына бөленді.
Жиын соңында ауыл тұрғындары бір-біріне жылдан жылға аман-есен бас қоса берейік деген тілегін тіледі.
– Көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабамыз, алты ай қыстан аман-есен шығып, көктемге иек артқан шақта ағайынды іздеп барып, амандық сұрасады. Төс қағыстырып, «Бір жас қосуыңмен», «Жас құтты болсын!» деген тілектер айтады. Біз бала күнімізден бері Наурыз айы жақындағанда береке мен бірлік айы келді деп қуанатынбыз. Себебі алысты-жақынды ағайындарымыздың үйіне барып, амандық-саулық сұрасып, бір-бірімізге жылы сөздер айтып, алғысымызды білдіріп жататынбыз. Әкелерміз төс қағысып, өзімен бірге алып барған сыйлықтарын беріп, жылы шырай танытып, бірін-бірі асырсалып қонақ етіп күтетін. Иә, жақсы сөз жанды жадыратады дейді. Біз жақындарымызға әр күн сайын жақсы сөз сөйлеп, келер ұрпаққа жол көрсетіп, үлкендерімізден келе жатқан дәстүрден жаңылмай кейінгі толқындарға дәстүрді дәріптеп жеткізу біздің басты парызымыз, – деді ақжаулықты анамыз Махсат Әнуарбекқызы.
– Көрісу күні араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін наурызкөжеге шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу – тек адамдардың амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Қариялардың айтуынша, бұл күні реніште жүрген жандар бас араздығын ұмытып, татуласады. Сондықтан көрісу – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекіте түсетін дәстүр, – деген клуб ұжымы мерекенің ауыл үшін де ерекше екенін жеткізді.

Дархан БАЙТІЛЕС
16 наурыз 2023 ж. 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031