КӘСІПКЕР АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бақберген Әбдісадық және ауданға қызметі сіңген, халық сүйген бірқатар ел аналары мен олардың ізін жалғап келе жатқан кәсіпкер әйелдер қонақ болды. Жиын барысында Болат Абдухайысұлы алғаш сөз алып, қонақтарды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегі мен ыстық ықыласын білдірді. Сондай-ақ:
– Бүгінде аудан бойынша 6700-ге жуық кәсіпкер тіркелген болса, соның 4000-нан астамын немесе 60-62 процентін нәзік жандар құрайды. Олар ауыл шаруашылық, білім мен ғылым, денсаулық сақтау сияқты әртүрлі салалардың барлығында дерлік ер азаматтармен бірдей еңбек етіп жатыр. Барлық жерде өздерінің ептіліктері мен тұрақтылықтарын көрсетіп келеді. Сондықтан бүгінгі мерекеде бойдағы батылдықтарыңыз бен «ана» деген аяулы есімдеріңіздің алдында бас иеміз. Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін кәсіпкер аналар аудан әкімінің және облыстық «Атамекен» палатасы директорының Алғыс хаттарымен марапатталып, мерекелік сыйлықтарға ие болды. Жауапкершілігі мол әйел затының міндетімен қатар кәсіптің көзін тауып, дөңгелеткен қайсар аналардың қатарында 90 жылдардың тарландары, әйелдер арасындағы кәсіпкерліктің ұлы көшін бастаған ханымдар Перуза Әбдіқайымова, Үржамал Ержанова, Нарика Ким, Қаныгүл Беденқұловалар және осы кісілердің ізбасарлары Бибайша Ержігітқызы, Ұлжан Жұмабаева, Ағайша Есмағанбетова, Райхан Нурдинова, Мейрамкүл Әлішерова, Дәмеш Ыбыраева, Үміт Бөкенбаева, Айдана Абдразақова секілді әртүрлі саланың майталмандары бар.
Кеш соңында қонақтар бір-біріне дайындаған сый-сияпаттарын ұсынып, жылы тілектерін айтты. Өз кезегінде Айткүл Әліқызы кәсіпкер әйел-аналарға алғысын білдіріп, еңселі еңбектерінің жемісті әрі табысты болуын тіледі. Салтанатты шара әуезді ән шашулар мен кішкентай бүлдіршіндер дайындаған билермен, көтеріңкі көңіл күйде жалғасын тапты.
Таслима ӘЛІШЕР