ЖАНЫ НӘЗІК, ҚҰРСАҒЫ АЛТЫН АНАЛАР – ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ
Көктемнің алғашқы лебімен бірге келетін ерекше мерекенің бірі – 8 наурыз! Бұл – әлемдегі нәзік жандардың ең жарқын мерекесі. Бір ғасырдан астам уақыт бойы осы мереке дүние жүзінің 80-нен астам елінде, сол секілді Қазақстанда да ерекше аталып келеді. Бұл күні әйелдерге зор құрметпен қарау, оларға айрықша ізет көрсету, лайықты деңгейде құттықтау дәстүрі жағымды әдетке айналды.
Шиеліде 85 271 халық болса, оның 41 630-ын әйелдер құрайды. Статистика бөлімі берген мәлеметке сүйенсек, ауданда 6 жасқа дейінгі – 3900 қыз бала, ал 6-дан 16 жасқа дейін – 8272, 16-дан 30 жасқа дейінгі – 9058, 30-63 жас аралығында – 16195, 63 жастан жоғары 4148 әйел өмір сүреді.
Шиеліде 85 271 халық болса, оның 41 630-ын әйелдер құрайды. Статистика бөлімі берген мәлеметке сүйенсек, ауданда 6 жасқа дейінгі – 3900 қыз бала, ал 6-дан 16 жасқа дейін – 8272, 16-дан 30 жасқа дейінгі – 9058, 30-63 жас аралығында – 16195, 63 жастан жоғары 4148 әйел өмір сүреді.
Жыл сайын мереке қарсаңында нәзік жандарды құттықтап, ерекше сый көрсету дәстүрі жалғасын тауып келеді. Әсіресе көпбалалы аналарды алтын, күміс алқалармен марапаттау әйелдер мерекесінің сәні десек те болады. Биыл да сол игі шарадан жаңылмай, ұрпағының санын арттырып, ел демографиясына үлес қосқан ақ жаулықты аналарды аудан әкімі Нұржан Ахатов қабылдап, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Алтын және Күміс алқалар» табыстады.
Алдымен шұғылалы көктемнің шуақты мерекесімен барша әйелдер қауымын құттықтаған аудан басшысы:
– Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. «Ата Заңымыз» бойынша мемлекеттің ең басты құндылығы адам және оның өмірі. Сол адамға өмір, жарық дүние сыйлайтын – аналар. Жер бетіндегі жақсылықтың бәрі ананың ақ сүтінен дариды. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де алдымен анадан тарайды. «Бақыт балалы үйге қонады» демекші, жарасымды отбасы мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашанда көпке үлгі болуы тиіс, – деп алтын құрсақты батыр аналарға ізгі тілекке толы құттықтау сөзін арнады. Одан соң 15 ананың кеудесіне «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін қадап, кітапшаларды салтанатты түрде табыс етті.
Жиында Шиелі кентінде тұратын Гүлжан Әмірханқызы мен Айгерім Маманова «Алтын алқамен», өзге 13 көпбалалы ана «Күміс алқамен» марапатталды.
Шара барысында ақжарма тілектер айтылып, көпбалалы аналар мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа алғыстарын айтты.
Айта кетейік, қазіргі таңда аудан бойынша 2495 көпбалалы ана бар. Олардың 957-сі «Алтын алқа», 1538-і «Күміс алқа» иелері.
Гүлхан ЯХИЯ