Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурызда инфляция баяулайды

Наурызда инфляция баяулайды

Applied Economics Research Centre (AERC) болжамынша, елімізде инфляцияның шарықтау шегі ақпан айында тіркелуі мүмкін. Бірақ әрі қарай қымбатшылық деңгейі біртіндеп баяу­лайды дейді отандық сарапшылар. Биыл қаңтарда инфляция деңгейі 20,7 пайыз болды. Елдегі баға өсіміне негізінен азық-түлік тауарлары (+25,7 пайыз) үлес қосты. AERC сарапшыларының айтуынша, жыл басталғалы жүріп жатқан сыртқы факторлар инфляция үшін керағар сипатқа ие болып отыр.




Бұл ретте зерттеу орталығы аталған фактор­лардың өзін дезинфляциялық (баға өсімінің баяу­лауы) және проинфляциялық (экономикадағы бағаның ұдайы өсіп жатуы) деп екіге бөледі.
 
Дезинфляциялық факторлар
Біріншіден, бүкіл әлемде инфляция баяулап жатыр. 2023 жылдың қаңтарында жаңартылған ХВҚ World Economic Outlook зерттеуіне сәйкес, көптеген дамыған және дамушы елде инфляция өзінің шырқау шегін 2022 жылдың қарашасына дейін өткеріп қойды.
Екіншіден, әлемде азық-түлік бағасының өсімі баяу­лап жатыр. БҰҰ Азық-түлік және ауыл­ша­руа­шылық ұйымының азық-түлік тауар­лары­ның индексі 2023 жылы қаңтарда 131,2 тармақ болды. Бұл 2022 жылдың желтоқсанынан 0,8 пайызға төмен. Осылайша, индекстің төмендеуі 10-шы ай қатарынан байқалып отыр.
Үшіншіден, еліміздің басты сау­да серік­тесі – Ресейде жылдық инфляция төмендеді. Росстат дерегі бойынша, биыл қаңтарда инфляция 11,5 пайыз болды (2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда). Ресей­ден Қазақстанға тауар импортының үлесі жоғары екенін ескерсек, ресей­лік инфляция еліміздегі инфляцияға үлкен ықпал жасайды. Алайда Ресейге Батыс елдерінің санкция жариялап жатуына байланысты қайталама санкция­лар тәуекелін төмендету мақсатында Қазақстан Ресей экономикасымен «абайлап» сауда жасасып жатыр. Бұл Қазақстан импортындағы Ресей үлесінің азаюына алып келді: 2021 жылдың 11 айында Қазақстанға жасал­ған импорттағы Ресей үлесі 42,5 пайыз болса, 2022 жылдың 11 айында 35,5 пайыз болды. Ресей­лік импорттың азаюы ресейлік инфляция тара­пы­нан туындайтын шоктардың ауқымын қысқартты.
Төртіншіден, теңіз фрахтының (теңізбен тасымалдау бағасы – ред.) құны төмендеді. Негізінен, 2023 жылдың қаңтарында ұзақ мер­зімді келісімшарттар бойынша контейнерлік тасымалдағы фрахт ставкасы 13,3 пайызға азайды (желтоқсанмен салыстырғанда). Теңіз фрахтындағы ставканың құлдырауы бесін­ші ай қатарынан байқалып отыр. Соның арқа­сында өндірушілердің логистикалық шығыны төмендеп, нәтижесінде әлемдік инфляция бәсеңдейді.
 
Проинфляциялық факторлар
Біріншіден, мұнай бағасының тағды­ры әлі белгісіз күйінде қалып отыр. Энерго­ресурс­тар бағасының өсуі әлемнің көп елін­дегі дезинфляциялық тенденцияны кері бұ­руы ықтимал. Мәселен, Түркиядағы жер сілкінісінен соң мұнай бағасы жоғары күйінде сақталуда. Ресей үкіметінің 2023 жылдың наурызынан бас­тап елдегі мұнай өндірісін «ерікті» қысқарту туралы шешімі мұнай нарығында құбылмалылық тудырып жатыр.
Екіншіден, азық-түліктің жекелеген нарығын­дағы жергілікті проблемаларға байланысты азық-түлік инфляциясы басқаша сипат алуы мүмкін. Мысалы, қаңтар соңында қант фьючерстері алты жылдық максимумға жетті. Қанттың кенет қымбаттау себебі – Үндістандағы егістің жеткі­лік­сіз шығуы болды. Нашар ауа райы салдарынан Үндістан қант зауыттары қауымдастығы өзде­рі­нің 2022-2023 жылдарға деген қант өндірі­сіне қатысты бағалауын өткен бағалаумен (қазан айындағы) салыстырғанда 6,84 пайызға төмен­дету бағытына қарай қайта қарастырды. Қа­зіргі уақытта қауымдастық 45 мың тонна қант­­ты этанол өндірісіне қайта бағыттаған соң, елдегі қант өндірісін 340 мың тонна деңгейінде бағалайды.
Сонымен қатар 2022 жылдың қыркүйегінде Флоридада болған боран да кесірін тигізді. Соған орай АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы маусымдағы апельсин жинау болжамын 56 пайызға, 16 млн жәшікке дейін қысқартты. Оның үстіне америкалық шаруалардың көбі апельсиндерді жалмауға көшкен «жасыл» ауру­мен күресіп жатыр. Сөйтіп, қаңтардың соңын ала апельсин фьючерстері 12 сауда сессиясы қата­­рынан 30 пайызға өсіп, 1947 жылдан бергі рекорд­ты жаңартып фунтына 2,63 доллар болып тұр.
Үшіншіден, 2022 жылдың екінші жартысын­дағы қатты баяулаудан кейін Ресей инфляциясы жыл басталғалы өсу белгілерін көрсетіп жатыр. Ре­сей банкі төрағасының мәлімдеуінше, 2023 жыл­­дың қаңтарында инфляция бойынша апта­лық деректер 2022 жылдың сәуірінен бергі жалпы баға деңгейінің ең жоғары өсу қарқынын көрсеткен.
 
Қазақстанның ішкі факторлары
Сарапшылар пайымынша, инфляцияның қолтығына су бүркіп тұрған ең басты ішкі фактор – елдегі ақша массасының динамикасы. 2022 жыл бойы базалық пайыздық мөлшерлеменің өсуіне қарамастан, Қазақстандағы ақша массасы тұрақты төмендеу үрдісін көрсеткен жоқ. 2022 жылдың қаңтар-желтоқсанында ақша массасының өсу қарқыны 13,9 пайыз болды (2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда)
«2022 жылдың IV тоқсанында елдегі номиналды жалақы жылдық мәнде – 22,9 пайызға, III тоқсанмен салыстырғанда 13 пайызға өсім көрсетті. Жыл соңындағы номиналды жалақының жоғары өсу қарқыны маусымдық сыйақылар және мерекелік төлемдер есебінен болды. Бұл номиналды жалақының маусымдық өсуі – тұтынушылық сұраныс өсімінің факторы. Тиісінше, бағаның жалпы деңгейінің шамалы артта қалуымен өсуі болып саналады. Қысқа мерзімді перспективадағы дезинфляциялық фактор ретінде жыл басынан бері байқалып отырған долларға қатысты төл валюта бағамының нығаюын айтсақ болады. Ұлттық валютаның курсы Қазақстандағы инфляцияға әсер ете алады. Бұл – шикізатқа негізделген экономикаға тән құбылыс. Қаңтардағы теңгенің 0,5 пайызға күшеюі доллардың өзіндік құнының төмендеуімен байланысты. Ақпан айында теңгенің доллар үшін 450 деңгейіне дейін жалғасып келе жатқан нығаюы Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан әлемдегі мұнай бағасының күрт өсуімен, сондай-ақ дәстүрлі түрде шетел валютасын сату көлемі ұлғаятын салық кезеңімен түсіндіріледі», деп мәлімдейді AERC.
Экспорттаушылардың валюталық түсімді сатуға міндеттелуі де теңгеге қолдау көрсетеді. Валютаны міндетті сату үлесі 75-тен 50 пайызға төмендетілгеніне қарамастан бұл бәрібір төл валютаның нығаюына септесетін фактор болып қала бермек.
Жоғарыда айтылған болжамдар мен дерек­терді негізге ала отырып AERC Қазақстан­дағы жылдық инфляцияның шырқау шегі 2023 жыл­дың ақпанына дөп келеді (21,06 пайыз) деп отыр. Бұл ретте айлық инфляция төмендеуді жалғастырады. 2023 жылы наурызда жылдық инфляция 17,84 пайызға дейін баяуламақ (айлық мәнде 0,95 пайызға). Наурыз-сәуірде инфляцияның жедел баяулауының басты себебі – өткен жылдағы «жоғары база» болмақ – 2022 жыл­дың наурызында айлық инфляция бірден 3,7 пайыз­ға, сәуірде 2 пайызға секірген еді. Сондай-ақ қымбат­шылықтың құлдырауына теңгенің нығаюы­ және әлемдегі азық-түлік бағасының төмендей бастауы әсерін тигізеді.



28 ақпан 2023 ж. 245 0

Қоғам

Мен өмірді қалаймын!
07 қараша 2024 ж. 61

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

№86 (9250)

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930